Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы өрттен қаза тапқан 5 студент ертең жер қойнына тапсырылады

  • AstanaTV
  • 08 қараша 2016
  • 2458

Алматыдағы өрттің салдары өте ауыр болып шықты. Бүгін мәйітханада марқұмдарды тану процедуралары өтті. Мерт болғандардың бесеуі - 20-дан енді асқан студенттер. Олар демалыс күндері келісімшартсыз, қауіп-қатерге қарамастан, жалданып жұмыс істеген. Сол күні «Алматы Тауэрс» кешенінде болған тағы екі студент жалыннан аман қалыпты. Ал өзгелерін құтқарушылар дер кезінде таба алмаған.

Сот-медициналық сараптама орталығы алдында адам қарасы қалың. Бұлар марқұмдардың туыстары, достары мен ұстаздары. Өкінішке орай, алапат өрттен соң үйінді астынан табылған 5 адамның студенттер екені анықталған.  Денелерін қатты күйік шалғандықтан, оларды тану процесі де ұзаққа созылды.

Шахмұрат Молдаханов, Асфендияров атындағы ҚМУ студенті:

Біз танитын 4 бала болған. Олардың екеуі терезеден секіріп түскен. Екеуі іште қалған. Олар полицияға айтқан, іште адамдар бар деп. Бірақ олар ешкімді тыңдамаған, мән бермеген. Олар түнгі  бір жарымға дейін сонда жүрген. 

Батут құрастыру орталығында жалданып жұмыс істеген студенттердің екеуі Сәтбаев атындағы техникалық университетте, ал екеуі Қазақ ұлттық университетінде оқыпты. Бесіншісі Асфендияров атындағы медицина университетінің 4 курсында білім алып жүрген. Төрт жігіт Оңтүстік Қазақстан облысының, ал тағы бірі - Алматы маңындағы Байсерке ауылының тумасы.

Әбдікәрім Бахтияров, марқұм Исмайыл Исраиловтың туысы:

Енді үйіне көмектесейін деп, азғантай ақша істейін деген де. Ол туралы үйдегілер білмеген. 

Санат Малдыбеков, марқұм Еламан Айдарәлиевтің ағасы:

Бетке ұстайтын бала - семьясының үлкені, одан кейінгілері кішкентай. Әке-шешесі жас, өзі математик. Сосын осы бала да КазГУ-де бетке ұстайтын, жақсы оқитын студент екен.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Еламан мен Нұрлыбек Қазақ ұлттық университетінің 3 курсында оқып, мына жатақханада тұрып жүрген. Сабақтан үлгерімдері жақсы болғандықтан, демалыс күндері ақша табу үшін әр салда жалданып жұмыс істеп жүрген. Біз қазір оларды соңғы рет көрген және бір бөлмеде тұрған курстастарымен тілдесіп көреміз.

Қаза тапқан студенттердің суреттері жатақхананың кіре берісіне қойылыпты. Көзіне жас алған достары мен мұғалімдері екеуінің үлгілі студент болғанын айтады. Еламан жатақханада тәртіп секторына жауап берген. Ал олардың бөлмелерінде қазір бос қалған темір кереуеттер ғана тұр.

Қуаныш Серікбаев, марқұм Нұрлыбек Сартбаевтың досы:

Комнаталасым Нұрлыбек бөлмеде жалғыз болған. Сосын жаңағы Еламан деген бала келген. Сосын жұмыс шықты деп екеуі сағат кешкі 5-терде кеткен. Телефондарын интернетке салып қояды. Керек адам звондайды, осындай уақытта жұмыс бар деп, қосымша разнорабочий болып істеп ақша табады. 

Қайтыс болғандардың студенттер екенін Ішкі істер департаменті де растады. Қазір қылмыстық іс тергеліп, кінәлілерді анықтау жалғасып жатыр.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

Бұл оқиға бойынша ҚР ҚК 292 бабы екінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Қазір осы бойынша тергеу жалғасып жатыр. Тиісті сараптамала тағайыналып, өлімге не себеп болғаны анықталатын болады.

Марқұмдардың мәйіттері бүгін кешке дейін туыстарына берілді. Олар ертең жер қойнына тапсырылады. Әзірге белгілісі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осында оқыған марқұмдардың отбасына 400 мың теңгеден материалдық көмек көрсеткен. Ал қыршын кеткен жастардың етжақындарына тағы қандай өтемақы берілетіні белгісіз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ