Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде алюминийдің тек 17% өңделіп, қалғаны экспортқа жіберіледі

  • AstanaTV
  • 14 қыркүйек 2023
  • 811

Еліміздегі өңдеу өнеркәсібіндегі алюминий саласының үлесі 3,2 пайыз ғана. Бұл туралы «Жер қойнауын пайдалану және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері туралы» ҚР заңының консультативтік құжатында жазылған.

Мәлім болғандай, елімізде барланған 27 боксит кен орны бар. Оның ішінде 15 орынның болжамды қоры - 291,7 млн тонна. Барлық өнеркәсіптік маңызы бар боксит Торғай даласында (Қостанай облысы) шоғырланған.

«Қостанай облысында Қазақстан боксит қорларының 97,4% шоғырланған. Ал, Ақтөбе облысында - 2,6%. Өңдеу өнеркәсібіндегі алюминий саласының үлесі 3,2% немесе 0,66 трлн теңгені құрайды. Боксит өндірумен айналысатын жалғыз кәсіпорын – «Қазақстан алюминийі» АҚ, ал оны бастапқы өңдеумен «Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ айналысады. Бұл салада шамамен 10 мың адам жұмыс істейді», - делінген Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректерінде.

Консультативтік құжатта жазылғандай, алюминийдің шамамен 17 пайызы ғана елімізде бастапқы өңдеуден өтеді. Басым бөлігі экспортқа шығарылады. Былтыр шет мемлекеттерге 233,4 мың тонна алюминий жөнелтілген.