Русский Сайттың толық нұсқасы

Республикалық бюджет мұнай бағасына тәуелділігінен арыла алмай отыр

  • AstanaTV
  • 09 қараша 2016
  • 2737

Республикалық бюджет мұнай бағасына тәуелді. Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы мұны растады. Депутаттар 2017-19 жылдарға арналған бюджет жобасын қарап, құжатты мақұлдады. Қазына кірісі орта есеппен жыл сайын төрт жарым трлн теңге болады деп күтіліп отыр. Ал шығыстар үш жылға жыл сайын орта есеппен сегіз жарым трлн теңге көлемінде болжануда. Инфляция 2017 жылы 6-8 пайыз деңгейінде болса, 2021-ші  жылға қарай 3-4 пайызға дейін төмендейді деген Үкіметтің есебі бар. Алайда бұл  депутаттардың көңілінен шыққан жоқ.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Ұлттық қордың қаржысына қол сұғуды қашан қоямыз? Республикалық бюджет алақан жайып отырған аймақтарды қашанға дейін асырайды? Бюджетті тиімді игеру үшін қайтпек керек? Бір сөзбен айтқанда Республикалық бюджеттің 3 жылдық жобасын қараған депутаттар төрт көзі түгел жиналған Үкімет мүшелеріне жыл сайынғы риторикалық сұрақтарын қоюмен болды.

Бюджет жоспары қаралды дегеннен гөрі сын айтылды деген дұрыс сияқты. Депутаттар тайлы-таяғымен күнде жинала бермейтін Министрлер кабинетінің мүшелеріне сұрақтары мен наразылықтарын үйіп-төкті.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Біз жылына бірнеше рет республикалық бюджетті нақтылаймыз. Үкімет те өз тарапынан көптеген түзетулер енгізеді. Сайып келгенде үкімет түпкілікті нәтижеге қол жеткізетін бюджетті қамтамасыз ете алмай отыр.

Үкіметті құтқаратын сиқырлы таяқ - Ұлттық қор. Алдағы жылы қордан жалпы экономиканы нығайтуға арналған нысаналы трансферт ретінде 441 млрд теңге тартылмақ. Бұлай жалғаса берсе, біздің тәбетімізге қордың өзі жетпейді, - десті депутаттар.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты «Ақ жол» ДП фракциясының жетекшісі:

Уақыт өткен сайын біз қасықтап қана алып жатқан жоқпыз, Ұлттық қорды бюджетті толтыратын тұрақты кіріс көзі ретінде қабылдап отырмыз. Өзімізге тиесілі емес, ұрпақтарымызға арналған дүниені жеп жатырмыз. Қолды білекке дейін салып жіберіп, инвестициялық кірісті емес, негізгі қорды қармап алудамыз. Бұлай жалғаса бергені болмайды.

Бұлай жалғаса бере алмасы анық. Өйткені Ұлттық қордың негізгі көрсеткіштері төмендеп барады. Депуттаттардың есебінше, үш жылда қор қаржысы 9,5 млрд долларға кеміген. 2017-19 жылдары мұнай бағасы барреліне 35 доллар шамасында, ал 2021 жылы 45 долларға өседі деген болжам консервативті деңгейде алынды. Ал металл бағасы биылға қарағанда алдағы 5 жылда 11 пайызға өседі деп үміттеніп отыр Үкімет. Дегенмен мәжілісмендер бюджеттің жоспарлануын сынға алды.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Мұнай бағасы барреліне 35 доллар деп есептедіңіздер. Бұл ретте ЖІӨ-нің нақты өсімі 2017 жылы 1,9 пайыз, 2019 жылы 2,7 пайыз деп болжанған. Үкімет мұнай бағасын экономикалық өсімнің негізгі факторы ретінде көрсетіп отырғанда,  ЖІӨ-м 2017 жылы 1,9 пайызға қалайша өсетіні түсініксіз. Егер 2016 жылы мұнай баррелі 41 доллар болғанда, жалпы ішкі өнім өсімі 0,5 пайыз деңгейінде болжанып отырса.

Бюджеттің, экономикалық өсімнің мұнай бағасына тікелей тәуелді екенін үкімет басшысының өзі де мойындады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Біздің бағамыз мұнайдың бағасы геосаяси жағдайларға өте тәуелді. Оған қосымша Ирактағы, Сириядағы жағдайлар көп әсерін тигізіп отыр. Осы талқыланып отырған 3 жылдық бюджетке қарайтын болсақ, онда кірістер бөлігінің 45 пайызы негізінен мұнай саласынан келіп түсетін қаржыға байланысты болып отыр. 

Қазынаға қол жаюын қоймайтын облыстар да сынға ілікті. Депутаттар Үкімет мүшелерінің қандай сұраққа да түсініксіз әрі ұзын сонар болып берілетін жаттанды жауаптарынан, әдемі есептерінен әбден мезі болғандай. Палата төрағасының ашуына Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі де ілікті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Мощнейшая артикуляция у вас. Можете 2 часа без перерыва говорить. Набор правильных слов тут в Парламенте не нужен. Вопрос конкретный - конкретный ответ.

Бюджеттің бір тізгінін ұстап отырған ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев та "Ақ бұлақ" бағдарламасына қатысты сыннан өзіне тиесілі үлесін алды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Как вы можете говорить, что увеличены, если я вам привожу цифры, что они занижены. Вы объясните, как вы корректируете. Если вы говорите депутатам только что, что нет денег. У вас больше 15 млрд тенге по этой статье не освоено. Как вы бюджет-то планируете, господин министр?

Үкіметте Ұлттық қорды басқару бойынша жаңа тұжырымдама әзірленуде. Ол бюджеттің Ұлттық қор трансферттеріне және мұнай бағасына деген тәуелділігін төмендетеді деп күтіліп отыр. Жалпы мәжілісмендер үш жылдық бюджет жобасы әлеуметтік бағыттың даму талаптарына жауап береді деген тұжырымға келді сөз соңында.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Бірнеше сағат талқылап, бірталай сын айтқанмен, ақыр соңында депутаттар 2017-2019 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдады. Және айтылған сындар ескеріледі-ау деген үміттерін білдірді әдеттегідей.

Айгүл ӘДЕПБАЙ