Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы алапат өрттен қаза тапқан студенттердің жаназасы шығарылды

  • AstanaTV
  • 09 қараша 2016
  • 3438

«Алматы Тауэрс» бизнес кешеніндегі өрттен қаза тапқан студенттердің отбасыларына 3 миллион теңгеден материалдық көмек көрсетіледі. Бұл жайында компанияның басқарма төрағасы Аблимит Рахматуллаев айтты. Ал қаза тапқан студенттердің денелері бүгін жер қойнына берілді.

Еламан Айдарәлиевтің отбасы Алматы облысы Байсерке ауылында тұрады. Марқұм 1996 жылы Жамбыл облысында дүниеге келіпті. Отбасы соңғы жылдары осында қоныс аударған. Еламан өз күшімен әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, 3 курста оқып жүргенде көз жұмды. 

Гүлжамал Малдыбекова, нағашысы:

Егер де тірі болғанда, халқымыздың бір жағына шығатын дарынды бала болар еді. Бес баламен анасы балаларын бағып отыр. Бастарында үйлері де жоқ. Қайтсе де үй алып берем дейтін. Жетіп келе жатқан баланың желкесі қиылып отыр. Ажалсыз кетіп отыр.

Марқұмдардың тағы бірі Шымкентте жерленді. 20 жастағы Абылайхан Зұлпыбеков ата-анасының ортаншы перзенті еді. Қыршын кеткен жастың артында отбасы мен етжақын туыстары аңырап қалды. Жүрегі қан жылаған анасы "балам оқуын Шымкентке ауыстырғысы келетінін айтып жүрген еді" дейді. Ұлдарының құрылыста жалдамалы жұмысшы болып жүргенін білмеген.

Асан Молдияров, марқұм Абылайхан Зұлпыбековтің әкесі:

Біріншіден, мастер басында тұрып қарамаған оған. Ол тез жанатын зат бар жерде  дәнекерлеуге тиым салынған ондай жерге істеуге. Олар да өзінің жазасын алу керек енді. Ответственность болмағаннан кейін соларға өздері, осындай бес студенттің  жанып кетуіне. Олар да өздері мойындау керек.