Астанада жалпықалалық сенбілік өтіп, оған 56 мыңнан астам адам жұмылды. Акция қатысушылары қаланы қоқыстан тазартып, жасыл -желек егіп, айналаны көркейтіп-көгалдандыруға атсалысты. Қала тұрғындары, кәсіпкерлер мен 200-ден аса компанияның қызметкерлері белсенді қатысты.
Алматы ауданы бойынша «Жасыл Астана» экологиялық акциясына 16 000-нан астам адам атсалысты. 100-ден астам техника жұмылдырылды. Таңмен таласа басталған сенбілікте студенттер мен аудан тұрғындары белсенділік танытты.
Дарын ҚАППАРОВ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:
Болашағымызға естелік салып кететіндей, немерелерімізге ертең айтып жүретіндей. Осы жерге біз тал отырғызғанбыз деп. Соның өзі де үлкен мақтаныш емес па? Болашақ ұрпаққа айтатыным әрқашанда осындай сенбіліктерге қатысып, өздерін көрсетіп, патриоттық сезімдерін көрсетке деп ойлаймын.
Жасұлан ТІЛЕКТЕС, СТУДЕНТ:
Қала тазалығы бойынша бүгін бізде сенбілік болды. Бәріне ағаш егіп, су құйып, құмдарын толтырдық. Бәрі ойдағыдай. Осындай іс-шараларға біз жиі қатысып тұруға тырысамыз.
Жалпы сенбілік ауданда 1 ай бойы өтеді. Экологиялық айлыққа барлық тұрғындар қатысып, өз үлестерін қоса алады. Тек қоқысты ғана жинап қоймай, жасыл желекке айналдыруға септеседі.
Нұрғазы ҮСЕН, АЛМАТЫ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ ӨНДІРІСТІК ТЕХНИКА БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Жалпы ауданымыз бойынша экологиялық айлық басталды. Нақтырақ айтатын болсақ біз қазір Ақбұлақ өзенінің бойында тұрмыз. Бұл жерде 300-ден астам ағаш отырғызу жоспарда бар. Айта кететін болсақ үйеңкі ағашы, шаған, қарағай секілді ағаштар отырғызылуда. Осы күзгі маусымда 6 мыңнан аса ағаш отырғызу жоспарда бар.
Сенбілікте тұрғындар жалпы ауданы 300 000 шаршы метр болатын саябақтар мен скверлерді қоқыстан тазартты. Ал жалпы қала бойынша 110 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 1200-ге жуық жасыл желек егілді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.