Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысында заңсыз жұмыс істеген 6 шетелдікке Қазақстанға келуге тыйым салынды

  • AstanaTV
  • 20 қыркүйек 2023
  • 467

Павлодар облысында заңсыз жұмыс істеген 6 шетелдікке Қазақстанға келуге 5 жылға тыйым салынды. Облыс аумағында көші-қон заңнамасының құқық бұзушылықтарын алдын алуға бағытталған “Мигрант” 4 күндік жедел-алдын алу іс-шарасы аяқталды. Іс-шара шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану фактілерінің жолын кесуге бағытталған. Шара барысында құрылыс мердігерінің Павлов көшесіндегі тұрғын үй кешенін салуға Өзбекстанның сегіз азаматын жұмысқа тартқаны анықталды.

Шетелдіктер ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша жауапкершілікке тартылды. Сот айыппұл салды. Жұмыс беруші де жазаланды. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, шетелдік жұмыс күші мен еңбек иммигранттарын тартқаны үшін оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы 1-бөлігі (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша әкімшілік хаттама жасалды.

Екі күннің ішінде полицейлер еңбек қызметін тиісті рұқсатсыз жүзеге асырған 43 шетелдік азаматты, сондай-ақ оларға жұмыс берген 11 кәсіпкерді анықтап, жауапқа тартты. Облыс аумағында болудың заңды мерзімдерін бұзған 62 шетелдік анықталды, оның алтауы бұрын елден кетуден қасақана жалтарған, енді олар 5 жылға елге кіруге тыйым салына отырып, Қазақстаннан шығарылды. ЖАШ кезеңінде 108 шетелдік анықталды және әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 60 азаматында елде болу мерзімі қысқартылды.