Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Кореяда 20 мыңға жуық отандасымыз заңсыз жұмыс істеуде

Арқа жайлы болса арқар ауып несі бар? Жалақыға жарымай, табақтай дипломына лайықты жұмыс таппай, әлеуметтік әділетсіздіктің зардабын тартқан қазақ жастары қазір әлемнің әр түкпірінде қара жұмыс істеуге мәжбүр. Заңды тұрғыда еш қорғалмаған. Мәжіліс депутаттары Үкіметке шұғыл шешім табу керек мәселелерді тізіп берді.

Былтыр Оңтүстік Кореяда 10 мыңға жуық отандасымыз аңсыз еңбек мигрант болып жұмыс істеді. Ал қазір олардың саны 20 мыңға жуықтаған. "Заңсыз" дегеннен-ақ түсінікті. Еңбек құқығы қорғалмайды, жұмыс берушіден өз құқығын талап ете алмайды. Ал салдарын санамалап айтсақ сұмдық. Сол елдегі өндіріс орындарында қолынан айрылған, не басқа да жарақат алған отандастарымыз өтемақы ала алмайды. Қажет десе жұмыс беруші оларды заңсыз мигрант ретінде ұстап бере алады.

Нартай СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Отандастарымыздың құқығының қорғалмауының себебі екіжақты келісімшарт негізінде берілетін е-9 уақытша еңбек визасы берілмеуі. мемлекет басшысы 2020 жылдың қазан айында «бірқатар елдерде қазақстандықтар заңсыз, жасырын жұмыс істеп жатыр. мұндай жағдайда еліміздің азаматтары өзге елде тіркеу қиындықтары мен әртүрлі тұрмыстық мәселелерге тап болады», - деп үкіметке мәселені шешуді тапсырған болатын. бірақ әлі күнге дейін бұл түйткілдің түйіні тарқаған жоқ.

Елімізде Саяжайды тұрғылықты жерге айналдырғандар көбейіп барады. Бір Алматы облысының өзінде ресми мыңға жуық саяжай анықталған. Жарты миллион адам тұрады. Оларда қоғамдық көлік, медициналық жәрдем көрсету, асфальт, пошта, әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Электр қуатына дейін жекенің қолында.

Мақсат ТОЛЫҚБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жүздеген мың отандасымыздың сұрайтыны - «ауыл» статусы. Өйткені, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын қалалық және ауылдық аумақтарды дамытуға ғана бөле алады. Бұл түйткілді мәселені үкіметтің деңгейінде күн тәртібіне шығармасақ, бұның арты үлкен әлеуметтік шиеленіске алып келуі мүмкін.

Мәселе көп қаржы мен тиянақты жұмысты қажет етеді. Сондықтан, Үкімет жедел әрекет етіп, саяжай мәселесін шешуге арналған нақты, ауқымды бағдарлама әзірлеу керек.