Тараздағы мектепте жарылыс болып, үш адам 3-қабаттан секіріп кеткен. Жеті адам ауруханаға жеткізілді, оның екеуі қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиға үш күн бұрын болған. Оны жергілікті билік жасырып қалғысы келгенге ұқсайды. Қазір өрттің неден тұтанғаны анықталуда. Берік Жұмабай оқиға орнына барды.
Жергілікті билік жасырып қалмақ болған бұл жарылыс демалыс күні, яғни 17 қыркүйекте түңгі сағат 12 жарымнан өте болған. Биліктің бүккен бармағын ауруханада жатқан науқастардың ата-аналары ашты. Себебі, өрт болған күні аймақтың атқа мінерлерінің барлығы барыпты. Жарақат алғандарға жақын арада аяққа тұрғызуға көмегімізді аямаймыз деп уәде беріпті. Бірақ одан кейін хабарласпаған.
Гүлжан САДЫҚҰЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Әлі осы күнге дейін ешқандай көмек жоқ. Облыстық әкімдік келіп, жақсылап көмектесеміз, аяқтан тұрғызамыз деген. Әлі ешқандай көмек боп жатқан жоқ Қыздардың жағдайлары қалай болады енді мүгедек те болып қалуы мүмкін ғой.
Салима НАРЫМБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ертерек операциясын жасаса. Міне бүгін 3-ші күн болды ғой біз әлі жүрміз осы жерде. Әлі Астанадан келеді, міні жасайды, міні келеді, міні келе жатыр бірақ жоқ хабар. Ал енді қазір айтып тұр Астана отказ берді деп.
Тараз қаласында жеті мектеп жаңа оқу жылында бітпей қалған еді. Құрылысы кешіккен мектептердің бірі осы. Мердігер жөндеуді тез бітіруі үшін екі ауысымда жұмыс істеткен. Бұл мектептің 1021 оқушысы маңайдағы 3 мектепке бөлініп оқуда. Ал білім ордасында болған жарылыстан барлығы 7 адам зардап шеккен. Оның үшеуі жеңіл жарақат алса, тағы 2-ін күйік шалған. Ал үшінші қабаттан секіріп кеткен екі құрылысшы қыз жансақтау бөлімінде жатыр.
Сәкен ЖҰМАШЕВ, ҚАЛАЛЫҚ №1 АУРУХАНА БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қабырғалары сынған, омыртқалары сынған және бір аяғы сынған. Сондықтан қазір оны жылжытып Астанаға самолетке салып жіберуге болмайды. Сондықтан сол жақтың специалисттері келіп осында операция жасамақшы.
Қала әкімі ешкім жауапкершіліктен қашып жатқан жоқтығын айтып, барлығы көмек көрсетіледі деп отыр.
БАҚЫТЖАН ОРЫНБЕКОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мердігер жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Зардап шеккен азаматтарға толық көмек көрсетуге дайын. Қыздар емін қабылдап жатыр. Дәрімен басқа нәрсемен қамтамасыз етілген. Болашақта реблитация қажет болатын болса мердігер өз тарапынан сол мәселені шешуге дайын екенін айтты. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген деп танылып, қазір қылмыстық іс ашылды.
Әзірге өрттің неден тұтанғаны белгісіз. Тек жарылыстың бояу құтысынан шыққан деген болжам бар.