Қызылжар тұрғыны жаңа туған нәрестесін бесінші қабаттан лақтырмақшы болған. Оқиға қаладағы жатақханалардың бірінде болған. 23 жастағы жігіт ішімдікке тойып алып, жұбайымен жанжалдасып қалған. Ізінше туғанына бірнеше күн ғана болған қызын терезеден лақтырамын деп көрші-қолаңды қорқытса керек. Оқиға орнына дереу жеткен полицейлер мен құтқарушылар бұзақыны сабыр сақтауға шақырды. Алайда, нәтиже шықпағандықтан сала мамандары пәтерге баса көктеп кіруге мәжбүр болды.
Нұрбек БАЕКИН, СҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАМАНЫ:
Төтенше жағдай қызметкері өзін арқанға байлап, ішке енді. Ер адамды еденге құлатып, есікті ашқан соң ішке арнайы жасақ кіріп, бөлменің иесін қолға түсірді. 2023 жылы туған қыз бала зардап шекпеді. Нәресте медицина қызметкерлеріне берілді. Аталған факті бойынша тергеу жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.