Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде қоқысты қайта өңдеушілер 20 айдан бері субсидия алмаған

Елімізде қоқысты қайта өңдеушілер 1 жарым жылдан бері субсидия алмаған. Бұл мәселе "AMANAT" партиясы жанындағы экологиялық кеңес отырысында талқыланды. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов экология және табиғи ресурстар министрлігінің жұмысын саралап, әкімдіктерге жауапкершілікті жүктегенін айтып сынға алды. Айтуынша, халық арасында қоқыс сұрыптау мәдениеті нашар дамыған. Мәселен, еліміздегі 207 қала мен ауданның 64,3%-ында ғана тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілген. Оның жартысында ғана сұрыптау желілері бар. Яғни елімізде қатты тұрмыстық қалдықтарды іріктеу және өңдеу үлесі небәрі 25 пайыз. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үлесін 26%-ға, ал стандарттарға сәйкес келетін полигондар санын 30%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Бауыржан Смағұлов, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУ КОМИТЕТІНІҢ ХАТШЫСЫ:

Экология министрлігінің шынында да, кемшілігі өте үлкен. Әрине, партияның сайлауалды бағдарламасында экологиялық мәселелерге үлкен көңіл бөлінген. Елімізде жыл сайын 5-6 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі. Алайда, тиісті ведомствоның қолға алған шаралары олардың тиімсіздігін көрсетіп отыр. Осы мәселелердің басым бөлігін реттеу жергілікті атқарушы органдардың құзырында болғанымен, бұл да министрліктің кемшілігі.

Шынболат БАЙҚҰЛОВ, "KAZWASTE" ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Қоқысты, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару заңнамаға сәйкес үлкен инвестицияны қажет етеді. Біздің инвестор қоқыс таситын көліктерге еуропалық деңгейдегі сұрыптау бойынша 10 млрд теңге салды. Орталық Азиядағы ең ірі қоқыс таситын компания полигон құрды, сұрыптауды реттеді. Егер заң жұмыс істемесе, бұл бизнеске кім барады.