Русский Сайттың толық нұсқасы

Өмірінің 40 жылы әуеде өткен Гүлсім Әбікенова Гиннес рекордтар кітабына кіруі мүмкін

Қазақ әйелдері арасында ұшақ бортында ұзақ уақыт қызмет атқарғандар некен-саяқ. Солардың бірі - Гүлсім Әбікенова. Өмірінің 40 жылы әуеде өткен. 15 мың рет көкке көтерілген. Қызметіне адал, жұмысына жауапты маман әлі авиация саласында еңбек етіп келеді. Еңбек адамы жайлы Заңғар Санай баяндайды.

Тәуекелге бел буып, адами борышын адал атқарған Гүлсім Асқарқызы- табандылығымен талайды тамсандырған жан. Кезінде 46 үміткердің ішінен сыннан сүрінбей өткен 12 адамның біреуі болыпты. Ол 1976 жылы арнайы оқу курсын тәмамдап, Қостанай әуе кәсіпорнында алғаш ұшақ бортсерігі қызметін бастаған.

Гүлсім ӘБІКЕНОВА, «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ:

Авиация саласындағы еңбек өтілім 46 жыл.Еңбек жолымды осы Қостанай әуе кәсіпорынында 19 жасымда бастадым. Неше сағат екенін есептеген емеспін.Бірақ 15 мың рет әуеге көтеріліппін.

Бір қызығы біздің кейіпкер өзінің өмірлік қосағы Қайыржанмен де әуежайда танысқан. Ал Санкт-Петербор қаласындағы Азаматтық авиация академиясында арнайы курсты тәмамдаған соң, шет мемлекеттерге тұрақты ұша бастағанын айтады. Әуе қызметінде жұмыс істейтіндердің отбасына арнайы ұшақ билеттері беріледі екен. Соның арқасында көптеген жерді араладық дейді. Тәжірибесі мол, білікті маманды әріптестері қадір тұтады.

Маржан АМАНБОЛҒАНҚЫЗЫ, ӘРІПТЕСІ:

Гүлсім Асқарқызы біздің әуежайдың бойтұмары.Өте ақылды.Жауапты.Көптеген жылдар еңбек етті.Әлі де жұмыс істеп жүр.

Гүлсім Әбікенова марапатқа кенде емес. Енді оның есімін Гиннес рекордтар кітабына енгізуді ұсынып жатқан көрінеді. Ұшақтағы қызметке екінің бірі төзе алмайды. Оған ең алдымен денсаулық, моральдық-психологиялық көңіл-күй керек. Рейсті атқарып, үйде келген кезде әуеде ұшып жүрген кезің есіңе түскенде – үрейленесің. Ал ұшаққа мінген сәттен қорқыныш ұмытылып, бойыңды бір жігер билейді. Себебі, өзің үшін емес, өзгенің қауіпсіздігі үшін жауап беретін адамсың. Осы жайында былтырдан бері кейінгі жас буынға үйретіп, дәріс оқып келем дейді Гүлсім Асқарқызы.