Толассыз жауған жауын Тобыл өңіріндегі диқандарды тығырыққа тіреді. Шаруалар шығынға ұшырады. Қостанай облысына барған ауыл шаруашылығы министрі алқап басындағы жағдайды көзбен көріп, шаруалармен кездесті. Оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Мәселен несиелерді қайтару мерзімі кейінге шегеріледі, Дымқыл тартқан өнімді кептіруге тағы 11 мың тонна арзан дизель отыны беріледі. Агроөнеркәсіпті субсидиялауға қосымша қаржы бөлінеді. Қостанайға 17 миллиард теңге қарастырылған. Облыста биыл 4,3 млн гектар жерге дән себілді. Қазіргі уақытта соның 32 пайызы ғана орылған.
Айдарбек САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
Қолдан келгенше бәрін жасауға тырысамыз. Өзіміз де төменнен бастап шаруашылықты көріп өстік. Білеміз қалай екенін, не екенін. Соны көруге келдік те өздеріңіздің ауыздарыңыздан тыңдайық деп. Қолдау болады. Көңілдеріңізді түсірмеңіздер. Бастарыңызды көтеріп жұмыс істеу керек, сену керек. Бәрі де дұрыс болады.