Әлемде 108 миллион адам босқынға айналған. 1 миллиардтан астамы кедейліктің кебін киіп жүр. Тағы 2 миллиард тұрғын негізгі дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмайды. Жаһанда орын алып жатқан мәселелер – күрделі. Енді оларды шешу әр елдің көшбасшыларына байланысты. Мемлекет басшысы бірнеше күн бұрын ең биік халықаралық мінберде осы тақырыптарды қозғады. Онда айтылған Президенттің әр ұсынысы адамзаттың тағдыры мен болашағына бағытталған. Жиыннан кейін не өзгереді? Кездесулер қорытындысы қандай? Аружан Задабек тарқатады.
Құран – ақиқаттың, ізгіліктің шырақшысы дейсіз. Алайда соңғы кездері оны өртеп, мазаққа айналдырып жүргендерді әлеуметтік желіден көп көретін болдық. Олар бұл асыл кітап қоғамды бүлікке емес, бірлікке шақыратынын аңғармаса керек. Президент бұл мәселеге бей-жай қарай алмады. Сөйтті де оны биік мінберде көтерді. Мемлекет басшысы құран құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс – деді.
Жәнібек АРЫНОВ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ ЖОҒАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ МЕКТЕБІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:
Дін мәселесі, ар-ождан мәселесі, жеке сенім-наным мәселелері – өте маңызды. Сол үшін бізд көріп отырмыз, өзге мемлекеттерде, әсіресе мұсылман халқы басым мемлекеттерде оған қарсы бір кері қозғалыстар жүріп жатты. Естеріңізде болса, Швецияның елшілігін жауып тастады. Менің ойымша шынымен де дұрыс. Өйткені, ол өзіміздің территориямызда, өзіміздің мақсатымызда не істесек те өзіміз білеміз деген дұрыс нәрсе емес.
Президенттің әлемдік масштабтағы өзекті мәселені көтеруі біраз адамды қуантты. Өйткені Қасиетті Құранды өртеу – өркениетаралық байланысты бұзатыны белгілі. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да Мемлекет басшысының ұсынысын қолдап, өз парақшасында пікір қалдырған. Ол мұндай сорақы әрекеттерге құқықтық тұрғыдан тыйым салу керек дейді.
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:
Ислам өзге діндегі адамдардың сезімін қорлауды ешқашан құптамайды. Ислам барлық діни құндылықтар мен мәдинеттерді құрметтеуге шақырады. Бұл ретте Ислам әлемі үшін ең қастерлі де қасиетті саналатын Құранға құрметсіздік жасауға әсте жол берілмеуі керек.
Ядролық қару. Затынан бөлек, аты да үрейді алады. 30 жыл бұрын еліміз Кеңес өкіметінен мұраға қалған төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқан еді. АҚШ-тағы саммитте де Президент Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты қатаң сақтайтынын шегелеп айтты. Керісінше, бейбіт өмір үшін қаруды таратпау саласы бойынша жаңа тетіктерді дамытуды қолдайтынын жеткізді. Осы арқылы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қоспақ.
Ермек АБДУРАСҰЛОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Біреулер айтады ядролық қару болу керек деп. Көбейе берсе қауіпті болады ғой. Әр мемлекет бір-бірімен соғысса ертең, ол жердің, дүниежүзі адамдарының өмір сүруіне қауіпті. Өмір де аяқталатын шығар адамзаттың.
2040 жылға қарай суға деген сұраныс 40 процентке артады. Мұны біраздан бері айтып келеміз. Мән бермеуіміз мүмкін, бірақ мәселе - өте өзекті. Орталық Азия аймағында қауіп күннен-күнге күшейіп барады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында көтерген тақырыпты мінбердегі сөзіне де қосқан. Осыдан-ақ қатердің ауқымын аңғаруға болады.
Абылайхан ӘБДІРӘШ, «МЕДИЦИНА ЖАСТАРЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Өте өзекті әрі ұтқыр ұсыныс деп білемін. Алдағы уақытта біздің экологиялық проблемалардың алдын-алуына, шешілуіне, әсіресе ауыз су тапшылығының шешімдерін табады деп білемін.
Жаһанды алаңдатқан мәселе көп. Әрқайсының салмағы басым. Оны реттейтін нақты шешімдер керек. Президент осы тұста жаңа бағамдар ұсынды. Еліміз егемендігін алып, өз алдына жеке мемлекет болғалы да ширек ғасырдан асып барады. Осы уақыт аралығында Қазақстанның әлем елдері арасында беделі артып, ішкі даму сатыларында да талай биіктерді бағындырғанын көз көрді, көңіл сенді. Мемлекетіміздің беделі осы саммитте де біршама артқаны байқалды. Мықты елдермен тереземіздің тең келгенін көріп іштей мәз болдық, қуандық.