Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустин жексенбі, 24 қыркүйекте Қазақстанға ұшып келді. Ол "Иннопром. Қазақстан" халықаралық өнеркәсіп көрмесіне қатысады.
РФ Сыртқы істер министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасының хабарлауынша, Ресей премьер-министрін әуежайдан Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев, Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен, еліміздің Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол қызметі директорының орынбасары Жансерік Әлімжанов, сондай-ақ Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин қарсы алған.
Ресей үкіметі өзінің Telegram-дағы арнасында Мишустиннің "Иннопром. Қазақстан" халықаралық өнеркәсіп көрмесіне қатысатынын және "Жаңа уақыттың өнеркәсіп стратегиялары" пленарлық сессиясында сөз сөйлейтінін нақтылады. Сонымен қатар Ресей премьер-министрі Қазақстан, Беларусь және Қырғызстан үкіметінің басшыларымен бірге машина, кеме, станок жасау, химия, металлургия, тоқыма және авиация өнеркәсібіне арналған көрмені аралайды деп күтілуде.
ТАСС мәліметінше, "Иннопром" – жетекші еуразиялық көрме алаңы. Ол Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Шараға әр түрлі елдерден 10 мыңнан астам адам қатысады.