2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу кезінде азаматтардан саусақ ізі алынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жанабаев брифинг барысында дактилоскопиялық тіркеуден 12 жасқа дейінгі балалардың өтпейтінін мәлімдеді.
“Дактилоскопиялық тіркеу – саусақтардың папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы ақпарат алу. Міндетті дактилоскопиялық тіркеу елімізде 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. 12 жасқа дейінгі балалардан басқа, ҚР барлық азаматтары және Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуге жатады. 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар дактилоскопиялық тіркеуден ерікті негізде өтеді. Саусақ іздерін алу Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жеке куәлікті, паспортты, шетелдіктің елде тұруға ықтиярхатты және азаматтығы жоқ адамның куәлікті ресімдеуі кезінде жүргізілетін болады”, – деді спикер.
Оның сөзінше, бұл процедура азаматтардың шетелге шығуын жеңілдетіп, құжатты қолдан жасаудың алдын алады. Ал жеке мәліметтер озық технологиялармен қорғалады.