Алматыда құрылыс материалдарын сататын дүкеннен өрт шықты. Тілсіз жау дүкен іргесіндегі тұрғын үйді де жалмап үгерген. Баспанасыз қалған тұрғындар мұны дүкен иелерінің немқұрайлылығымен байланыстырып отыр. Далада қалған қарашаның шығынын енді кім өтейді? Мөлдір Жақан айтады.
Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Тілсіз жау бірнеше отбасыны тығырыққа тіреді. Алаңсыз ұйқыда жатқан тұрғындар түнгі сағат екі жарымда өрт пен түтіннің иісінен оянып кеткен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бірақ баспананың сау тамтығы қалмады. Енді бұл үй күрделі жөндеуді талап етеді.
Қызыл жалынға оранған үйдің бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап, жұртты дүр сілкіндірді. Бұл тұрғын үй бірнеше бөлікке бөлініп, онда төрт отбасы өмір сүрген. Үйдің Ирина Михайловаға тиесілі бөлігінен түк қалмапты. Өзінің де қолын өрт шалған. «Ояу болғанымның арқасында аман қалдым. Сәл болмағанда өліп кетер едім»,- дейді ол.
Ирина МИХАЙЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Дүкен үйдің іргесінде орналасқан. Өрт сол жақтан шықты. Алдымен гүрс еткен дыбысты естідім. Сосын әп-сәтте үй толығымен қызыл жалынға оранды. Жүгіріп барып, көршілерімді ояттым. Өрттің кесірінен итім жоғалып кетті. Үйдің мен тұратын бөлігін қалай қалпына келтіретінін де елестете алмаймын.
Иринаның көршілеріне де оңай тиген жоқ. Жалма-жан құжаттарын алып, сыртқа қашып үлгергенімен, басқа жиһаз, мүліктер жанып кеткен. Тұрғындар өрттің шығуына дүкен иелерін кінәлап отыр. Айтуларынша, бұл жағдайға дүкендегі дәнекерлеу жұмыстары себеп болуы мүмкін.
Галина БАБИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Саяжайдан келгенімізде дүкенде дәнекерлеу жұмыстары жүріп жатты. Соның шоғы үйге тиіп, уақыт өте өртке ұласты деп ойлаймыз. Дүкеннің алай-түлей өртеніп жатқанын көріп қатты шошындық. Әрең қашып үлгердік. Енді шатыры қирап, түтін басқан үйде әрі қарай тұруға мәжбүрміз.
Өрттің жалпы ауданы- 290 шаршы метр. Өрт сөндіру кезінде тұрғындардың өмірін арашалаймын деп өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қолынан жарақат алыпты. Қазір ол денсаулығына байланысты демалысқа шыққан.
Ербол ӘЛІМҚҰЛОВ, АЛМАЛЫ АУДАНЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Жарақат алды деген хабарлама болды. Өрт сөндіру кезінде, шатырды өшіру кезінде абайсызда аяғы тайып, құлау фактісі бойынша. Ауруханада дәрігерлік көмекті алып қазіргі таңда үйінде. Ешқандай денсаулығына қауіп-қатер төніп тұрған жоқ. Өрт орнында 8 өрт сөндіру техникасы, 2 қосымша техника және де 62 жеке құрам жұмыс жасады.
Дүкен иелері сұрақтарымызға жауап беруден бас тартты. Күздің қара суығында баспанасыз қалған қарашаның шығындарын өтеп, үйді қалпына келтіреміз деп уәде беріпті. «Бірақ бұл әзірге қолхат жүзінде ғана»,- дейді тұрғындар.