Солтүстік Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауылында қаңғыбас иттер малды талап жатыр. Ауыл ішінде қаптаған ит ара-тұра адамдарға да атылатын көрінеді. Төрт аяқтылардан әбден шаршаған жұрт не істерін білмей дал. Ал құзырлылар шарасыз екендерін айтады. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тарқатады.
Бәйтерек ауылының жұртынан маза қашты. Қаңғыбас иттер бүтін бір ауылды үрейлендіріп отыр. Тек бір жазда жабайы төртаяқтылар елдімекеннің бірнеше қойы мен қаз-үйрегін жеп қойған. Ал кеше Жұпархан Мұсабайдың өрістегі малын талап тастапты.
Жұпархан МҰСАБАЙ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Аң болып, қасқыр болып кеткен иттер. Таң атқанда орманға кетеді. Кешке қарай мал қайтқанда топ-топ болып келе жатады. Ертең қыста мектептің балалары күнде, түнде жүреді. Далада жейтін итте тамақ жоқ. Ол ашыққаннан кейін адамға шабады ғой? 15 ит келсе, менің өзім не істеймін? Түк істей алмаймын. Мені жеп қояды.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, қаңғыбас иттер соңғы екі жылдың аралығында тым қаптап кеткен. Төртаяқтылар ауыл маңайындағы қоқыс полигонынан келетін көрінеді. Қазір жұрт балаларына алаңдап отыр. Себебі, соңғы кезде жабайы жануарлар адамдарға да атыла бастаған.
Рина СОВЕТХАНҚЫЗЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Наурыз айында мектептен шыққан қызымыздың балтырын ит тістеп алды. Баланың ем-домын өзіміз алдық, қараттық. Кішкене сызып кеткен. Сол оқуға жіберуге қорқамыз. Сразу барып аламыз машинамен. Болмаса өзіміз барып ертіп аламыз.
Ал құзырлы органдар биылдан бастап ит атуға тыйым салынғанын айтады. Заңға сәйкес бұдан былай қаңғыбас жануарды аулап, арнайы мекемеге орналастыру қажет. Ал мұндай мекеме әзірге тек Петропавлда бар.
Аманжол НҰРТАЗИН, СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Қазіргі уақытта Қызылжар ауданында арнайы жер бөлінген. 0.5 гектар аумақ Ольшанка ауылының маңында орналасқан. Сол жерде приют тұрғызылатын болады. Ол приюттің аумағы 0.5 гектар жер болады. Сметалық құжаттамасы дайын. Бұл мақсатқа 30 миллион теңге қарастырылған. Ол салынғаннан кейін қаңғыбас иттер сол жерге қамалатын болады.
Жыл басынан бастап қалада 200-ге жуық ит-мысық ұсталған. Ал облыс көлемінде қаңғыбас төртаяқтыларды аулау ісі жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан аудандарда жануарларға арналған жаңа мекемелер салынбайынша, тұрғындар мәселесі шешілмейді.