Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясының ауыспалы кубогіне арналған XIV республикалық турнир басталды

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2016
  • 3166

Логикалық ойлау қабілеті ұтқыр, сыни ой-пікірі қалыптасқан және нақты фактілерге сүйенген команда «Нұр Отан» партиясының ауыспалы кубогіне ие болады. Бүгін Астанада дебат ойыншыларының XIV республикалық турнирі басталды. Оған еліміздің 14 облысы мен 2 қаласынан командалар келді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шараның негізгі тақырыптары алдын ала бекітілген.

Ануар Жақыпов, "Нұр Отан" партиясы "Жас Отан" жастар қанаты хатшылығының жетекшісі:

Турнир «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен жүйелі түрде өтіп келеді. Дебатқа қатысушылар жастар саясатының жүзеге асуы, білім алу мен жұмысқа орналасу мәселелерін талқылайды. «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудағы жастардың рөлі және тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында жеткен жетістіктер де назардан тыс қалмайды. 

Пікірсайыс турнирі америкалық парламенттік формат бойынша қазақ және орыс тілінде өтіп жатыр. Үздік спикер Линкольн-Дуглас үлгісі бойынша анықталады. Әр облыстағы дебаттық сайыстардың жеңімпаздары жиналған турнирде мықтыны анықтау оңай болмайтын сыңайлы. Өткен жылы елордалық команда Таразда өткен республикалық дебатта үздік деп танылып, Астанада турнир өткізу құқығына ие болған еді. 18 команда келер жылы «Нұр Отан» партиясының ауыспалы кубогін өз қаласында ұйымдастыру үшін барын салмақ.

Жеткер Ықылас, бас төреші:

Бұл республикалық турнир. Және республикалық турнирлерге пікірсайысшылар өте жоғары дайындықпен келеді. Сондықтан бүгін 2 күн жарыста бізге төрешілерге үлкен жүк артылып отыр. 

Айықхан Байтілеу, турнирге қатысушы (Ақтөбе облысы):

Ақтөбе облысындағы іріктеуді жеңіп алып, Астана қаласында бақ сынау құрметіне ие болдық. Әрине, басты мақсатымыз кубокті олжалау болмаса да, достығымызды нығайту барысында келдік. Әрине, жарыс болғаннан кейін, бір жағынан Ақтөбе қаласынан келгеннен кейін ат артып, жеңіске де бір жағынан жеткіміз келеді.