Қазақстандық мергендер Зоя Кравченко, Әсем Орынбай және Ольга Панарина Азия ойындарының алтын жүлдегері атанды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Отандастарымыз стенд атудан skeet бағдарламасы бойынша командалық жарыста бірінші орын алып, Азия ойындарының алтын медалін иеленді. Екінші орын қытайлық спортшыларға бұйырса, Тайланд өкілдері үшінші болды. Стенд атудан Қазақстан намысын Зоя Кравченко, Әсем Орынбай және Ольга Панарина қорғады. Бұл Қазақстанның Азия ойындарындағы алғашқы алтыны болды.
Айта кетейік, Ханчжоудағы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар әзірге бір алтын, екі күміс, алты қола иеленді.
Дзюдодан Абиба Әбужақынова Азия ойындарының күміс жүлдегері атанса, Мағжан Шамшадин, Эсмигул Куюлова мен Абылайхан Жұбаназар қола жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ Николай Чирюкин де ел қоржынына Азия ойындарының қола жүлдесін түсірді. Оған қоса жылжымалы нысана көздеуден аралас жұптық сында Ислам Сәтбаев пен Александра Ли қола жүлдегер атанса, қазақстандық мергендер Асадбек Назиркулов, Бахтияр Ибраев және Андрей Худяков күміс жүлдеге ие болды.