Русский Сайттың толық нұсқасы

Рудныйда кір сабын шығаратын шағын цех қаржылай қолдау таппай отыр

Қостанайда жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік гранттар берілген. Игі бастама кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырылуда. Конкурсқа кір сабын шығаратын рудныйлық кәсіпкерлер де қатысқан. Шағын цехты кеңейту мақсатында 5 миллион теңге алғысы келіпті. Алайда комиссия әділетсіз шешім қабылдады ,- дейді кәсіп иелері. Ал бұған жауаптылардың жауабы қандай? Заңғар Санай білді.

Кір сабын өндірісін Өзбекстаннан көшіп келген қандастар қолға алған. Айналасы алты айдың ішінде 10 мың өнім шығарыпты.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Шағын цехта сағатына 500 кір сабын өндіріледі. Табиғи өнімге сұраныс жоғары. Ендігі меже өнімділікті еселеу. Бірақ қосымша жабдық алу үшін қомақты қаржы қажет.

Зәбираш АЛИПБАЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Сұраушыларым көп. Телефонмен хабарласады. Организацияларға алып барам. Бәрі рахмет айтып жатыр. Аллергиямыз кетті деп жатыр дейді біреулері.

Кеншілер шаһарында шыққан экологиялық таза өнімді өзге қала тұрғындары да сұратып жатқан көрінеді. Сабын өндіретін отбасы қазірдің өзінде төрт адамды жұмыспен қамтыды. Өнімділікті арттыру үшін Өзбекстаннан заманауи құрал-жабдық алуға, тіпті орнатуға дейін келісіп қойған. Енді оған қаражат таппай отыр.

Сегізбай ЖҮНІСОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Нарыққа шығарып үлгердік. Енді ары қарай қимылдауға үкіметтен 5 миллион грант сұрап едік. Оны да отказ қылды. Ол жерде комиссия мүшелері маған келіспеді. Бас тартты. Неліктен бас тартқан себебін білмейміз.

Рудныйға биыл бес жүзден астам қандас қоныс тепкен. Дені- жастар.Көбі бизнес ашуға талпынып жүр. Бірақ қолдау жоқ дейді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «ОТАНДАСТАР» ҚОРЫ ОБЛЫСТЫҚ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Кір сабын өндіретін біздің Қостанай өңірінде ешқандай шағын және орта бизнес жоқ.Тендрге қатысып көрді. Тендрде өте арзан бағамен берген.Екі есе арзан. Жергілікті алып-сатарлар 700 теңгеден бергенде бұлар 300 теңгеден берген.Жергілікті жерде импорттық өнімді ысыру үшін осындай жастардың талабын неге қолдамасқа.

Әлгі жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыру бағытындағы байқауға бұл жолы 146 адам қатысқан. Оның он тоғызы қомақты ақшаға қол жеткізіпті. Комиссия-тәуелсіз. Басқарма араласа алмайды. 2012 жылдан бері облыс кәсіпкерлеріне 760 миллион теңгеден асатын 209 қайтарымсыз грант берілген.

Роза ГОРЯННАЯ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Комиссияның әр мүшесі жеке дауыс береді. Және «Кезекте» деп аталатын ақпараттық қызмет платформасы арқылы онлайн дауыс береді.5 күннің ішінде.Сондықтан комиссия шешіміне басқарманың ешқандай қатысы жоқ.

Конкурсқа Рудный қаласынан 22 бизнес-жоба түскен. Соның екеуі жеңімпаз атаныпты. Қомақты қаражат алғанның біреуі блогерлік қызмет, екіншісі безендіру ісімен айналыспақ. Ал импорттық өнімді ығыстырып, табиғи кір сабын өнімін көбейткісі келген қандастардың тауы шағылып, талабының тас-талқаны шықты.