Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысында ауруханаға айналған мектеп интернаты ауыл тұрғындарын алаңдатып қойды

  • AstanaTV
  • 28 қыркүйек 2023
  • 899

Ақтөбеде облысы Ойыл ауданында ауруханаға айналған мектеп интернаты ауыл тұрғындарын алаңдатып қойды. Аудандағы мектеп интернатын жазғы каникул кезінде аудандық аурухана пайдаланған. Ғимараттан қанның иісі шығатынын айтқан ата-аналар интернаттың жағдайына алаңдап отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ойыл ауданының оқушылары мектеп интернатына кіре алмай жүр. Оқу жылы басталғанына бір ай өтсе әр елдімекеннен келген оқушылар туыстарының үйін паналауға мәжбүр. Себеп - жазғы каникул кезінде ауруханадағы жөндеу жұмыстарына байланысты медициналық мекеме интернатқа көшірілген. Қазір ондағы жұмыстардың аяқталмауына байланысты медицина қызметкерлері көше алмай отыр.

Жағдайды Facebook парақшасында журналист Азамат Әбілқайыр жазды. Айтуынша, аурухана интернатқа көшеді дегенде интернат қызметкерлері қарсы шыққан.

"Сол кезде интернат қызметкерлері "инфекция тарайды, қан-жын болады, ертең күзде балалар келсе соларға жұғады" деп уәжін айтқан. Бірақ бас дәрігер "бәрін реттейміз, аяқтаймыз" деп жақсылап тұрып уәде берген. Енді міне, уәдеде де жоқ, басқа да жоқ қыркүйек бітіп, қазан келді. Ал ауылдардан келген ата-аналар балаларын жатқызатын жер таппай жүр. Кейбірі туыстарының үйін жағалап кетсе, енді бірі ауылдан қатынап оқуға көшкен. Сорақысы сол интернаттан орын таппаған оқушыларды бас дәрігер өз көлігімен тасып жүр. Ол дәрігер науқас қарай ма, жоқ әлде аудан арасында оқушы таси ма?", - деп жазды Азамат Әбілқайыр.

Мәселеге қатысты аудан әкімі түсініктем берді. Аурухана ұжымының интернат ғимаратына көшу мәселесі құзырлы мемлекеттік органдардың өзара келісім арқылы жүргізілгені белгілі болды.

"Аудандық аурухана ғимаратында "СК ЭкоСтройГрупп" ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Келісімшартқа сәйкес жұмыстың аяқталуы 1 қазан. Қазіргі таңда ғимарат ішінің демонтаж жұмыстары толықтай жасалды. Ғимарат ішінің қабырға мен төбелелерін майлау жұмыстары аяқталу сатысында. Дегенмен мердігер компания жұмыс кестесіне үлгермеуіне байланысты жұмыстар кешеуілдеп отыр, қолданыстағы заң аясында тиісті шаралар қабылдануда. Бүгіннен бастап ауруханаға көшу жұмыстары ұйымдастырылады. Интернат ғимаратына аурухана мен мердігер компания тарапынан ағымдағы жөндеу жұмыстары мен арнайы мамандар арқылы дезинфекция жасалып, білім бөліміне тапсырылады", - деді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.

Аудан әкімдігінің айтуынша, Жаңабаз және Екпетал ауылының оқушылары сабаққа арнайы көлікпен күніне екі мезгіл тасымалданады. Бұл жағдай облыстық білім басқармасына да мәлім.

"Интернат ғимараты жазғы каникул кезінде аудандық денсаулық сақтау бөліміне уақытша пайдалануға берілді. Балалар (7 оқушы) осы аптада интернатқа орналастырылады", - деді облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.