Русский Сайттың толық нұсқасы

«Әкімдік бізді алдап кетті!»: Талғар ауданында 100-ден астам тұрғын жылусыз қалуы мүмкін

«Әкімдік бізді алдап кетті!» Алматы облысы, Талғар ауданының халқы осылай деп шулап жатыр. Кендала ауылының 100-ден астам тұрғыны биыл жылусыз қалмақ. Сөздерінше, жергілікті билік өкілдері оларды табиғи газбен жылытуды қамтамасыз етеміз деген. Бірақ жылыту маусымына аз уақыт қалса да, әкімдік өз уәдесін әлі орындамады. Күздің қара суығында тығырыққа тірелген қараша енді не істейді? Тілшіміз Мөлдір Жақан тарқатады.

Кендала ауылындағы Смыкова көшесінде орналасқан бұл үйлер газбен жылытуды көп күтті. 2018 жылдан бері әкімдіктен талап етіп келген. Ақыры биыл жергілікті билік тиісті жұмысты бастапты. Бірақ тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармады. «Жеме – жемге келгенде әкімдік өз уәдесінде тұрмады, босқа жұртты дүрліктіріп қойды»,- дейді халық. Мердігер компания келіп, құбырларды өткізіп беріпті. Оған тұрғындар қалталарынан қыруар қаражат жұмсады. Бірақ блоктық-модульдік қазандық сол күйі жоқ.

Гаухар РАХИМОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Просто ақшаны алды да, труба жүргізді де, кетіп қалды. Болды. Бізде квитанция да жоқ, договор да жоқ. Бізге газ керек. Потому что бізде көп инвалид адамдар бар. Көпбалалы аналар бар. Жылусыз болмайды ғой. Үшінші этажға көмір тасып жүру қиын.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Үшқабатты үйдің тұрғындары баспаналарын осындай көмір пешімен жылытуға мәжбүр. Бірақ бұлар да бұзылуға шақ қалыпты. Құбырлардан с тамшылап тұр. Бұл пештер кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін деп қорқып отыр тұрғындар.

Евгения ТҰРСЫНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Қыста бірнеше рет су ағып, мына пештермен жанымыз қиналды. Бұл бір жағынан қауіпті де. Газ болса, ұйқымыз да тыныш болар еді. 21-ші ғасырда ұят нәрсе ғой.

Тұрғындардың басым бөлігі бұрынғы пештері мен электр батареяларын алып тастаған. Әкімдікке сеніп қалған олар енді қыстан қалай шығатынын түсінбей дал.

Назипа ҮСЕМБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Әкімдік құр уәдемен тойдырып келеді. Тұрғындар қарыз алып, әр үй 80.000 теңгеге жалма-жан үйге дейін құбырларды өткіздік. Тіпті, үй ішіне де өткізіп қойған. Оған 250.000 шамасында қаражат кетті. Мен үйдегі пешті алдыртып тастадым. Кішкентай балаларымыз бар. Қысты үреймен күтіп отырмыз.

Әкімдіктегілер тұрғындарға гараж бен қоймаларды алдыртып, орнына қазандық орналастырмыз деген көрінеді. Алайда, ол орын әлі күнге дейін қаңырап тұр. Өздері «Біз ешкімге бұрынғы пештеріңді алып тастаңдар деп айтпадық» деп ақталды.

Талғат АЙДАРБЕКОВ, ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Халықты алдады деген бойынш, ешқандай да ешкімді алдаған жоқпыз. Халық дұрыс түсінбеді. Модульный котельныйды соғуға уәде бергенбіз. Ол бойынша ПСД жүріп жатыр. Желтоқсан айына дейін бітіреміз. Экспертизаға кіреді. Ендігі жылға біз или мемлекеттен ақша бөлінеді. Болмаса ГЧПмен жасаймыз. Ол бойынша уже келісімсөздер жүргізіліп жатыр.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – халық биыл да газбен жылытуды көрмей өтетін сияқты. Тығырыққа тірелген тұрғындарға билік өкілдері «Осы уақытқа дейін қалай өмір сүрдіңдер, солай әрі қарай да күнелтесіндер» деп кесті. Ашынған халық ашулы күйінде қалды.