Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде реставратор мамандар тапшы

Көне музыкалық аспаптардың үні күмбірлеп, әлі күнге дейін құлақ құрышын қандырады. Ғасырдан ғасырға мұра болып жетуіне шебер-реставраторлардың қосатын үлесі зор. Майдан қыл суырғандай еңбекті қажет ететін шеберлермен тілшіміз тілдесті.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші ғасырлар бойы сақталып, мұра болып қалған асыл аспаптарға жаңа өмір беріп, келесі ұрпаққа жеткізетін рестовратор мамандардың арқалайтын жүгі ауыр. Мысалы мына көне қобыз мұражай қорынан алынған, мұны түп нұсқадан айнытпай, жаңғырту шеберлердің қолында

Мейірбек Ділманов 40 жылдан бері шебер-реставратор. Инемен құдық қазғандай әрбір ісін мұқият атқарады. Бастысы, адамның қолының сезімталдығы мықты болуы керек дейді. Сонда ғана ісі өнеді.

Дүйсенбек ДІЛМӘНОВ, ШЕБЕР-РЕСТАВРАТОР:

Ақындардың, аталардың домбыраларына рестоврация жасадық. Соның ішінде ең бір қиыны Үнді халқының ситара дейтін аспабы болды. Ол арты домалақ, қауақтан жасалған екен. Сол шашылып қалған түгел, соны асықпай бір 15 күн жинап, біздің жұмыста өзгертуге болмайды, сол қалыпта шығару керек

Бұл мамандық тек ағаш, металл және басқа материалдармен жұмыс істеуді ғана емес, сонымен қатар музыкалық стильдер мен аспаптар жасау технологиясын терең меңгеруді қажет етеді. Алайда, шеберлердің сөзінше бұл салада білікті мамандар тапшы. Нағыз реставратор болу үшін көптеген жас шеберлер қажетті тәжірибе жинай алуы шарт.

Әсима ИМАНҒАЛИЕВА, “ШЕРТЕР” ҚАЗАҚ-ҰЛТТЫҚ АСПАПТАР ШЕБЕРХАНАСЫНЫҢ БАС ШЕБЕРІ:

Осы мамандықта 30 жылдан асып кетті. Пенсияға шықтық, сондада жұмыстан қалмай, шәкірттер тәрбиелеп өзіміздің колледжден осында студенттер келеді, оларды өзімізге алып үйретіп жатырмыз. Домбыра шертер, қыл қобыз, прима қобыз барлық аспаптарды өзім жасап, кейінгі ұрпақтарға да соны көрсетіп жатырмын. Бұл мамандықта істеп жатқандар аз негізі.

Музыкалық аспаптарды қалпына келтіру-бұл асқан біліктілікті және тарих пен музыкалық дәстүрді түсінуді талап ететін өнер. Көне мұра көзден таса қалмас үшін осы маңызды кәсіпті дамытып ғасырлар бойы сақталған мұраның болашағын қамтамасыз ету қажет.