Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барды. Президентті Германия Канцлері Олаф Шольц қарсы алды. Қос ел басшылары келіссөз жүргізіп, екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика, «жасыл энергетика» және басқа да салалардағы байланысты арттыруға уағдаласты. Президент пен Канцлер өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, «Орталық Азия – Германия» саммитінің күн тәртібін талқылады. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық Berlin Global Dialogue форумында сөз сөйлейді және Германияның іскерлік қоғамдастығы өкілдерімен бірқатар кездесу өткізеді деп жоспарлануда.