Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте сегіз мектептің үш ауысымда білім беруге өту қаупі бар

  • AstanaTV
  • 14 қараша 2016
  • 3494

Шымкентте үш ауысымда білім беретін мектептердің саны артуы мүмкін. Қазірдің өзінде алты мектеп осындай тәртіппен бала оқытып жатса, тағы сегіз мектепке үш ауысымға көшуі мүмкін. Бұл бала санының артуымен, яғни өңірде туу көрсеткішінің жоғарылығымен байланысты болса керек. Мәселе қалай шешілмек? Айзада Төребекқызының бейнематериалында.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Шымкенттегі Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия үш ауысымға көшуі мүмкін. Әу баста 900 орындық болып салынған ғимаратта тап бүгін 3 300 оқушы екі ауысымда білім алып жүр. Бұл межеден үш жарым есе артық.

Биылғы оқу жылында бірінші сыныптың өзіне 700 бала қабылданды. Тіпті 1- ші «Р» класын ашуға тура келген. Аталмыш мектеп білім сапасы жағынан өңірде бестікке кіреді. Қаланың өзге аумағында тұратынына қарамастан, ата-аналардың баласын орталыққа тасуының бір себебі  де осы.

Ғани Пиалиев, ата-ана:

Өте жақсы береді білімді және де балдарға деген көңілді жақсы бөледі. Білімі жоғары. Сондықтан да осы мектепті біз таңдадық.

Камиля Күниязова:

Өз балаларым да осы мектепте бітірген. Бәрі жақсы оқыды. Немерелерім де жақсы білім алса, оқуға қиналмай түседі.

Бала санының артуының тағы бір себебі - бұл төңіректе орыс сыныптарының болмауында. Мүмкіндік болса үш ауысымға көшкісі жоқ. Сондықтан әзірше амалдап отырмыз ,-дейді мектеп басшысы.

Гүлназ Әбілдаева, А.С.Пушкин атындағы  № 1 мектеп-гимназиясының директоры:

Бұндағы ыңғайсыздық болып жатқандары - біз біраз сыныптарды методикалық кабинет, ойын, биге арналған хореографиялық кабинеттерді сыныптарға айналдырдық. Сонымен осы үш ауысымдық қаупі болмауы үшін, қазіргі таңда алдағы жылдарда, егер мектептің ауласы мүмкіншілік беретін болса, көлемі тағы да ғимарат қосымша соғу қарастырылуда.

Қазір Шымкентте 6 мектепте үш ауысымда білім беріліп келеді. Тағы сегіз мектепке алдағы уақытта осындай қиындық тууы ықтимал. Дегенмен білім бөлімінің басшылығы тығырықтан шығудың бірнеше жолы қарастырылғанын айтты. Соның бірі - білім көрсеткіші жоғары он шақты мектепке өзге аумақтардан бала қабылдауға шектеу енгізу.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы:

Бұл мектептердің  жандарынан 2018-2019 жылдарға таман қосымша құрылыстар салу, мектептерге қосымша құрылыстар салу арқылы шешімін табу жоспарлануда. Ол мектептің екі мектебінің проблемасы 2017 жылы шешілсе, бір мектептің проблемасы 2018 жылы, үш мектептің проблемасы 2018-19 жылдың жоспарында. 8 мектептің көпшілік дені халықтың жақсы мектептерге деген сұранысының нәтижесінде орын алып отыр. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Айта кетейік, бүгінгі күні үш ауысымда бала оқытып жүрген алты мектептің  бесеуінің мәселесі келер жылы шешілмек. Бір ғана №87 мектептің 1200 орынға қысылып-қымтырылып жүрген 4 мыңдай оқушысы үшін екі бірдей жаңа мектептің құрылысы басталғалы отыр. Қазір жер мәселесі шешіліп үлгеріпті.