Русский Сайттың толық нұсқасы

"Жеңісімді анама арнаймын": Қазақстанға екі алтын, бір қола сыйлаған Әсем Орынбай арнайы сұхбат берді

  • AstanaTV
  • 28 қыркүйек 2023
  • 1829
Фото: Нұрғали Жұмағазы/Спортты дамыту дирекциясы

Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стенд атудан аралас жұптық жарыста чемпион атанды. Жарыстан соң сұхбат берген Әсем бұл жеңістің кездейсоқ еместігіне баса назар аударды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Біздің микст командамыз әлемде мықты саналады. Себебі біз осыған дейін әлем кубогі кезеңдерінде топ жарып, әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алғанбыз. Эдуард екеуміз бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз. Алматы облысында бірге жаттығамыз. Финал оңай болған жоқ. Кувейттік қарсыластарымыз өте мықты спортшылар, Олимпиада жүлдегері. Тырыстық. Аллаға шүкір, алтын алдық", - деді Әсем.

Сондай-ақ спортшы Ханчоуджағы ауа райының ату барысына қалай әсер еткеніне тоқталды.

"Бүгінгідей жай самал жел атуға еш әсерін тигізбейді. Қатты жел тұрып, жаңбыр жауса, қиналатынымыз анық. Мұндағы ыстық әрі ылғалды климат маған кәдімгідей әсер етті. Қатты терледім. Ауа райы кедергісін келтіргенде жарысты емес, сол күннің ыстығын ойлап кетесің. Десе де, бәрі сәтті аяқталды. Қарсыластарымыз екінші айналымда көп қате жіберді. Сол кезде-ақ, алтын бізде екенін түсіндім", - дейді ол.

Сөз соңында Әсем Орынбай бұл жеңісін кімге арнайтынын айтты.

"Жеңісімді өз анама арнаймын. Менің бұл жетістігім - сол кісінің еңбегі", - деді спортшы.