Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қымбат жиһаз көңілімнен шықпай, талап-арыз бердім", - тұтынушы

Тұтынушының шағымы 20 пайызға өсті. Құқығын қорғағысы келетіндер көбейгені ме, әлде кәсіпкерлердің сауда сақал сипағаншаның керін келтіріп отырғаны ма? Сапасыз тауар алып, сан соғып қалатындар нені ескеруі қажет? Сүндет Оралбек зерттеп көрді.

Қостанай қаласының тұрғыны Болат Бурунчин 5 ай бұрын қымбат жиһаз сатып алған. Қалтасынан 2 миллион 400 мың теңге төлеген. Алайда, құны қамбат диванның сапасы көңілден шықпаған көрінеді. Әуелі жиһаз салонына шағымданып барған. Мардымды жауап алмаған соң облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне жүгініпті.

Болат БУРУНЧИН, ТҰТЫНУШЫ:

Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне жүгіну туралы ой туды. Расында бізге көмектесті. Бірақ әлгі кәсіпкер оған да мән берген жоқ. Сосын департамент тексеріс жүргізіп, бірнеше заң бұзушылық анықтады. Қазіргі кезде сотта талап-арыз қарастырылып жатыр. Оң шешім шығады деп үміттенеміз.

Қоғамда Болат секілді сатушының алдауына түсіп, сан соғып жүргендердің қарасы қалың. Әлеуметтік желіде арыз-шағым парақшаларына кірсең дүкенге, компания қызметкерлеріне түсетін наразылық көп. Мұның барлығы заңды білмегеннің зардабы.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Мұндай заң жобасын білмейді екенмін.
- Сатып алған кезде маған товар ұнамаса қайтарам дегенде, қайтармаған кездер болды.
- Аударма Тұттынушының құқығын қорғайтын заң көп жағдайларда тиімсіз. Мысалы, алған затыңды қайтарам деп барсаң, көп құжаттар сұрап, уақытыңды алады. Негізі бұл саланы бақылауды күшейту керек.

Жалпы тұтынушы сатып алған кез-келген затынан не тауарынан кемшілік тапса не көңілінен шықпаған болса, оны күнтізбелік 14 күн ішінде сатушыға қайтаруға құқы бар.Тек дәрі-дәрмек, іш киімдер мен тондарды, ұялы телефонды қайта өткізуге тиым салынған. Егер бұл заттар өндіруші тарапынан сапасыз екені дәлелденсе ғана ақысын аласыз. Ал кәсіпкерге шағымданып сотқа жүгінгендердің көбі сатып алғанын растайтын түбіртекті алмайды. Салдарынан бармақ тістеп қалады.

Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Көп азаматтар сатып алған кезде фискальды чек алмайды. Сонда сатушыға не өндірушіге сотта өздерінің құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Яғни бұл тауар бізден алынбаған деген секілді уәждер айтып жатады. Сол себептен фискальды чекті сатушыдан талап еткен жөн.

Былтыр тұтынушы тарапынан саудагерлерге 49,8 мың арыз-шағым түскен. Биыл бұл көрсеткіш 20 пайызға өсті. Сала министрлігі тұтынушының құқығын бұзған кәсіпкерге айыппұл салып, жауапкершілікке тартпақ. Бұл - сотқа баратын істерді азайтатын көрінеді.

Қайрат БАЛЫҚБАЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Кәсіпкерлерге жүгінгенде құқығы бұзылған және сотқа дейінгі сатыда шешілмеген тұтынушының пайдасына сотпен айыппұл түріндегі кәсіпкердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін енгізу ұсынылып отыр. Айыппұл тұтынушының талап-арыз сомасының 10%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерінде. Талап сомасы неғұрлым аз болса, жоғарыда көрсетілген шектерде айыппұл соғұрлым жоғары болады.

Биыл Елорданың өзінде 2700-ден астам арыз түскен. Тұтынушының мүддесін таптаған 20-дан астам кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Нұрғали ЕГЕМБЕРДИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Саудагерлер мен кәсіпкерлерге толықтай түсіндіру жұмыстарын жасап, қазіргі таңда 9 айдың ішінде тұтынушылардың 100 миллион теңгедей қаражатын қайтарып беруге көмектескен болатынбыз.

Кәсіпкерлер сауда сақал сипағанша деп талайды сан соқтыруда. Тұтынушының құқығы заңмен қорғалатынын ұмытпаңыз. Бірақ талап ету үшін сауда жасаудың тәртібін білген жөн.