Русский Сайттың толық нұсқасы

"Сүйінші": Айтыскер Серікзат Дүйсенғазин ұлды болды

  • AstanaTV
  • 03 қазан 2023
  • 973

Жыл басында қапыда баласынан айырылған айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин тағы да әке атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақынның отбасындағы қуаныш туралы айтыскер Сара Тоқтамысова жария етіп, сүйінші сұрады.

“Сүйінші, ағайын! Алла ұлық! Бүгін ақ түйенің қарыны ақтарылған күн. Серікзат ағам ұлды болды. Қуаныштан көңілім босап тұр. Ел тілеуі қабыл болды. Алланың салих құлдарынан болсын! Балапан ғұмырлы болсын! Ағатайым, Айнұр жеңгем екеуіңізді алақанда аялайтын нағыз жігіттің Сұлтаны болсын. Тілек жазып отыруды ұмытпаңыздар. Жақсылықты бөліссең көбейеді”, – деп жазды Сара Тоқтамысова.

Көпшілік айтыскер ақынды қуанышымен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

“Аллаға шүкір, қуаныштымыз, бауы берік болсын, қызығын көрсін”, “Шіркін-ай ғажап жаңалық, қуаныштымыз! Керемет болған екен. Бауы берік болсын”, “Ғұмыры көркем болсын сәбидің”, “Бауы берік болсын ,жасы ұзақ болсын”, “Алланың құдіреті шексіз”, “Ғайып ерен, қырық шілтен періште шылауына алсын, балапанды! Сансыз шүкірлік”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары.