Елімізде биыл жол апатынан 2 мыңға жуық адам мерт болған. Жол-көлік оқиғасының жиілеуінің себебі көп. Жү¬генсіз жүргізушілердің жол қа¬уіп¬¬сіздігі мен жолда жүру мә-дениетін сақтамауы, жылдам¬дық¬ты шамадан тыс асырып, қар¬сы бетке шығып кету, масаң күйде және ұялы телефоннан көз алмай көлік жүргізу. Жолдағы қауіп-қатерді қалай азайтуға болады? Әріптесім Ақбота Базарбай тарқатып айтады.
Түркістан облысындағы Мәшһүр Жүсіп ауылының тұрғындары жол апаты жиілеп кетті дейді. Себебі елдімекен маңында жылдамдық өлшеуіш құрылғылар мен бейнебақылау камералары жоқ. Жуырда ауыр жүк көлігінің астына жеңіл көлік кіріп кетіп, бір адам қаза тапқан. Артынша тағы бір жүйіткіп келген жеңіл көлік сиырды қағып кетті. Кеш батса қараңғылық құшағында қаламыз деп шуласқан халық көше бойын жарықтандырып, арнайы белгілер орнатуды талап етуде.
Еліміздің күре жолдарында күніне орта есеппен 5-6 адам қаза табады. Әр цифрдың артында қаншама жанның өмірі мен денсаулығы тұр. Жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін бақылау жүйесіндегі жағдай да мәз емес. Бейнекамералар мен басқа да техникалық құралдар кей жерлерде жетіспей жатса, кей жерде мүлдем жұмыс істемейді.
Талғат ЛАСТАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІНІҢ УАҚЫТША МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Жол қозғалысының артуын ескере отырып трассалық пунктерді одан әрі дамыту қажет. Екінші жолдарға иесіз мал жайғаны үшін үй жануарларының иелеріне қатысты жүйелі шаралар қабылдау қажет. Күн сайын жануарлармен соқтығысу себебімен жол-көлік оқиғаларының саны өсуде. Әкімшіліктер мал жаю ережелері бойынша халықпен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет.
Сөзіміз дәйекті болу үшін сандарды сөйлетейік. Елімізде 6 мың адам жүргізуші куәлігінсіз көлік айдаған. Ал 15 мыңға жуық жүргізуші көлікті «мас» күйінде тізгіндеген. Автокөлік жүргізуге рұқсат беретін құжаттың сатылуы жол апатының көбеюіне себеп болып отыр. Әрине, оңай алынған құжаттың арты опық жегізеді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі емтихандарды қабылдау ережелеріне түзетулер енгізді.
Марат ҚОЖАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Енді емтихан тапсыру процесі онлайн трансляция арқылы бақыланады. «Автомектеп» ақпараттық жүйесінде білім алушыларды міндетті тіркеу нормасы енгізілді. Осылайша, тізімдерді түзету мүмкіндігі алынып тасталады. Енді түзетулердің екінші пакет әзірленді. Дайындық курстарын аяқтау туралы куәліктерді және медициналық анықтамаларды электрондық нысанға көшіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жүргізушілердің өзін-өзі даярлаудан бас тарту мәселесі пысықталып жатыр.
Көлік жүргізу мәдениеті төмен деген Премьер-министр жол қауіпсіздігіне қатысты жағдай халықтың наразылығын тудырып отырғанын атап өтті.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Жол қауіпсіздігін арттыру, жол апаттары мен өлім-жітім деңгейін азайту жөніндегі жүйелі шараларды әзірлеу біздің басты міндет. Жол бойындағы өлім-жітімді азайту керек. Осыған байланысты мынадай тапсырмалар беремін. Біріншіден, Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, әрбір өңір бөлінісінде жол апаттарына жан-жақты талдау жүргізу қажет.
Үкімет басшысы әрбір өңір бөлінісінде жол апаттарына жан-жақты талдау жүргізуді және жол апаттары жиі болатын учаскелерде жол қозғалысын қадағалауды күшейтуді тапсырды.