Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақмола облысының 18 жастағы тұрғыны TikTok арқылы жоқ пәтерлерді жалға берген

  • AstanaTV
  • 05 қазан 2023
  • 563

Ақмола облысының полицейлері Красный Яр ауылының 18 жастағы тұрғынына қатысты сотқа дейінгі екі тергеу жүргізіп жатыр. Бойжеткен алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің 5 қазанда тартақан мәліметі бойынша, Көкшетау полициясына жергілікті колледждің екі студенті хабарласқан. Олар TikTok арқылы бір қызбен танысқанын, ол қыз шығындарды бөлісіп, бірге пәтер жалдап тұруды ұсынғанын айтқан. Ол жөндеу жұмыстарына байланысты жатақханадан шығып қалғанын, баспанаға мұқтаж екенін, басқа студенттермен бірлесіп пәтер жалдап тұрып, пәтерге кететін шығынды азайтқысы келетінін айтқан.

Қыздар жаңа құрбысына сеніп, оның атына алдын-ала төлем аударған, бірақ көрсетілген мекен-жайға келгенде ешқандай пәтер жалға берілмейтіні анықталған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 80 мың теңге болды.

Полицейлер күдіктіні анықтап, ұстады. Ата-анасымен тұратын Красный Яр ауылының 18 жастағы тұрғыны жаңа таныстарының сенгіштігін пайдаланып, ақша таппақ болған. Ешқандай баспанаға мұқтаж болмаған. Қазір оның үстінен тергеу жүріп жатыр.