Русский Сайттың толық нұсқасы

"Оқап атаға ұқсаған": Роза Рымбаева немересін халықтың алдына жиі алып шығатынын айтты

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2023
  • 951

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, еңбек сіңірген әртіс Роза Рымбаева “Дастархан” бағдарламасында немересін көпшіліктен жасыратын ойы жоғын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі немересінің тәй-тәй басқанын күтпестен, үш айлығынан түсірілімдерге апарып, көпшілікке көрсетіп жүрген көрінеді.

“Менің немерелі болғанымды бүкіл Қазақстан естіп жатыр. Қайда барсам да “Құтты болсын! Немереңіздің бауы берік болсын” деп тілектерін жаудырып жатады. Содан кейін халқымызға көрсетейін деген ойым ғой. Барлығы біздң отбасымызға бақыт тілейді, бәрінің тілегі бір. Біз – халықтың адамымыз, халықтың арасынан шыққан қарапйым отбасымыз. Тілектері қабыл болып, менің немерем халықтың көз алдында өседі, бұйырса. Зейін қыдырғанды жақсы көреді”, – дейді Роза Қуанышқызы.

Әли мен Ақерке де Зейін дүниеге келгелі күн тәртібін былай қойғанда, бүкіл өмірінің өзгергенін айтады.

“Біз осы үш айлық баланың жанында алты адам болып жүгіреміз. Біреуі тамағын дайындайды, біреуі суын жылытады, тағы біреуі ұйықтатады дегендей… Біздің күн тәртібіміз Зейіннің ұйқысына байланысты. Кейде түні юойы ұйықтамайды, кейде таңғы бесте тұрып алады. Зейін оянса біз де бірге тұрамыз”, – дейді Әли Оқапов.

Әнші ұлына қатал әке боламын дейді. Алайда Зейіннің әжесі мен анасы оның бұл сөзімен келіспейді.

“Әли баламды қатал ұстаймын дейді. Бірақ анам екеуіміз: “Ертең балаң алғаш рет әке дегенде мұның барлығын ұмытып кетесің” деп күлеміз”, – дейді Ақерке Бүркітбай.

Бағдарлама жүргізушісінің “Зейін кімге ұқсайды?” деген сауалына Роза Қуанышқызы ойланбастан: “Негізі Әли де, Әлидің әкесі де бар. Бірақ Әлидің арғы атасы бар – Оқап ата. Менің ойымша, Зейін Оқап атаға ұқсаған”, – деп жауап берді.