Алматы облысында «Көкөзек» қосалқы станциясы іске қосылды. Бұл- өңір экономикасын дамыту үшін аса маңызды энергетикалық объект. Станция аудандағы тұрғын үй секторының мыңнан астам тұтынушысын сенімді және тұрақты түрде электрмен қамтамасыз етеді.
Қарасай ауданында «Көкөзек» қосалқы станциясын салу қажеттілігі бірқатар факторлардан туындады. Қосымша қуаттарды берудің шектеулі мүмкіндігі мәселесі өңірдің өнеркәсіптік әлеуетінің дамуын тежеп келген еді. Мұндағы қосалқы станциялар жоғары жүктеменің кесірінен жиі істен шығып, тұтынушылар, соның ішінде білім беру және денсаулық сақтау нысандары электр қуатынан таршылық көрген-ді. Осылайша мәселенің маңыздылығын түсінген билік өкілдері жаңа қосалқы станция салу туралы шешім қабылдады.
Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Бұл подстанция негізі бірнеше жыл бұрын, 2016 жылдан бері жоспарланған. Бірақ біраз мәселелері шешілмеген. Оның ең күрделілелері - жер мәселесі. Сол мәселені шештік, әрі қарай жұмыстар жүріп кетті. Бұл өте маңызды жоба біздің облыс үшін, аудан үшін. Қарасай ауданы, Іле ауданы, кейін Жамбыл ауданының шаруашылықтары осыған қосылады.
«Алатау Жарық Компаниясы» іске асырған жоба құны -2,73 млрд теңге. «Көкөзек» қосалқы станциясы аудан тұрғындарынан бөлек 346 шағын және орта бизнес субъектісін де электр энергиясымен жабдықтайды. Сонымен қатар өңірде қажетті әлеуметтік-мәдени маңызы бар объектілерді салу мүмкіндігін кеңейтпек.
Қайрат МАҚСҰТОВ, «САМҰРЫҚ-ЭНЕРГО» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Бүгінде Көкөзек және Елтай ауылдарындағы әрқайсысы 1500 орындық 2 жайлы мектеппен техникалық шарт жасастық. Одан бөлек те әлеуметтік нысандар дами бастайды. Қосалқы станция аймақтағы өндіріс пен бизнесті дамытуға үлкен септігін тигізеді.
Мамандар алдағы бір-екі жылда электр қуатына тапшылық қайта пайда болуы мүмкін деп болжайды. Сондықтан «Көкөзек» қосалқы станциясын болашақта кеңейту және модернизациялауды жоспарлап отыр.