Қарағанды- Астана тас жолында жантүршігерлік көлік апатынан екі отбасының 6 адамы қаза тапты. Оның біреуі -8 жастағы бала. Оқыс оқиға Осакаровка кентінен 50 шақырым жерде болды. Қарағандыдан Астанаға бағыт алған Ford Ranger көлігінің 69 жастағы жүргізушісі тізгінді басқара алмай алдымен жол жөндеушіні басып өтіп, жол жиегінде тоқтап тұрған Камаз жүк машинасына соғылған. Соққының күштілігі сонша оның қасындағы әйелі мен артында отырған 2 жолаушы тіл тартпай кеткен. Ал 2015 жылы туған бала ауруханада көз жұмды. Марқұмдардың барлығы- Астана қаласының тұрғындары.
Құрманғали ИСМАҒҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Оқиғаның мән- жайы тергеліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
“Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет” бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Алматы облысында да ірі жол апаты болып, 5 адам көз жұмды. Оқиға Жамбыл ауданындағы Алматы-Бішкек тасжолының 43-шақырымында болды. Жеңіл көлік тізгіндеген әйел қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, жолаушылар тасымалдайтын автобусқа соқтығысқан. Жол апатынан жеңіл автокөліктегі 3 адам мен жүргізуші, автобуста болған 1 жолаушы қаза тапты.
Ернар САЙДІЛДИН, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша Жамбыл ауданы полиция бөлімінде тіркелді. Қазіргі уақытта жол апатының барлық мән-жайын объективті зерттеуге бағытталған сараптама тағайындалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.