Қызылордадағы жылу электр орталығының тозығы жеткен. Ашылғанына 69 жыл болған нысанның негізгі және қосалқы қондырғыларының 90 проценті жарамсыз. Оның үстіне қазір қаладағы ұзындығы 207,7 шақырым болатын жылу желісінің де жартысына жуығы жөндеуді қажет етеді. Мәселені шешу үшін жаңа қондырғы орнатылмақ. Жобамен өңірге жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев танысты. Сыр еліндегі серпінді істерді тілшіміз баяндайды.
Сыр елінен мықты спортшылар шыққан. Осыны ескерсе керек Президент алдымен
Нағи Ілиясов ауылындағы орталық алаң мен спорт кешенінің жұмысымен танысты. Онда жергілікті халық футбол, волейбол, үстел теннисі және күрес түрлерімен шұғылданады. Жас спортшылармен кездескен Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағы – жастардың қолында екенін айтты.
Жақында ғана елімізде су ресурстары министрлігі құрылды. Мұны Сыр елінің диқандары қосқолдап қолдаған. Осы арқылы су тапшылығынан құтылып, жемісті жұмыс істеуге мүмкіндік туады - дейді. Былтыр бой көтерген «Еңбек аллеясында» жиналған еңбек адамдары ел дамуына айрықша мән беріп, мемлекет тарапынан қолдау шараларын көбейткені үшін Президентке алғыс айтты.
Айбек УӘЛИЕВ, «ШАҒАН ЖЕР» ЖШС МЕХАНИЗАТОРЫ:
Өзіңіз білесіз, қазір жастардың көбі ауылдан жыраққа кетіп, табысын сырттан тапқысы келеді. Бірақ барлығы бірдей ауылдан кете берсе бабамыздан қалған берекеге кім ие болады? Оның үстіне қазір ауылымызда жағдай жасалған.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың еңбекқор, ұқыпты, отансүйгіш болуы керек екенін айтты. Оларға мемлекет әрқашан қолдау көрсетуге дайын - деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ауылда жастардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын.
Қызылордадағы «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалы келер жылы пайдалануға беріледі. Оның құрылысына 20 миллиард теңге кеткен. Қаржының 15 миллиардтан астамын демеушілер беріпті. Ал жергілікті бюджеттен нысанның сыртқы бөлігін жөндеуге 4,3 миллиард теңге бөлінген. Мекеме қолданысқа берілгеннен кейін бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алады.
Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Қазіргі таңда 80% жұмыстары бітті. 2024 жылдың мамыр айында ел игілігіне табыстайтын боламыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы, бізде мынау облыс орталығында автобекет болмаған. Жаңа автобекеттің құрылысын жылдың басында бастадық. Теміржол нысаны тарихи ғимараттар санатына жатады. 118 жыл болған. Бұны қалдыру керек, жаңасын салуға болмайды, бұзуға болмайды. Сол себепті біз оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын І санаттағы 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланған. Мұны естіген Мемлекет басшысы жол, шын мәнінде, өте тар екенін айтып, оны кеңейту жұмыстарын тезірек бастау керегін айтты. Нақтырақ, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға мәселені бақылауға алуды тапсырды.
Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
2024 жылдан бастап жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары басталады. Мұнда қазіргі таңда 10 мың үстінде көлік қатынауда.
Энергетика министрлігі түркиялық компаниясымен Қызылорда қаласында жаңа бу-газ қондырғысын орнату жөнінде келісімшартқа қол қойды. Енді одан сағатына 277 жылу қуатын өндіре алады. Жобаның құны, шамамен – 215 миллиард теңге. 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілу керек. Осы арқылы қаланың жылу және электр қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артылған электр энергиясын басқа өңірлерге сатуға мүмкіндік береді.