Русский Сайттың толық нұсқасы

"Біз қандастарымыздың негізгі проблемаларын жақсы білеміз", - А.Сапарбекұлы

Ертең Астана Отандастар форумы өтеді. Қырықтан астам астам елден 200-ге жуық қандасымыз елге келді. Бүгін ұлттық өнер мен спорттық ойындарды тамашалады. Атажұртқа аяқ басқан бауырлармен Сүндет Оралбек тілдесті.

Атамекенге келген қандастарымыздың барлығы жетістікке жеткен, кәсіби мамандар. Олардың ішінде дәрігерлер, ғылым мен білім, өнер және мәдениет майталмандары, бизнес пен медиа өкілдері, саясат, шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары бар. Тіпті, Қазақстанға бірінші рет ат басын бұрып, атажұртты көргендерін кезіктірдік. Әрқайсысы ертеңгі форумға тыңғылықты дайындықпен келген. Тың бастамалар мен ұсыныстарын айтпақ.

Ертолқын ҒАЙНЕТОЛЛА, ҚАНДАС:

Бүкіл әріптестермен "ҚАЗАҚЕЛІ.ОК" деген веб орталығына бірігіп, журнал шығарып, үкіметтік емес азаматтық журнал шығару деген ұсыныстарымыз бар. Ертең форумда соларды айтамыз. Сонымен қатар, болашақта бірге қалай латын алфавитін қолданамыз, соған қалай дайындаймыз деп ойлап отырмыз.

Қандастар тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, қыз қуу, секілді ұлттық ойындарымызды тамашалады. Оларға көнеден келе жатқан спорт түрлерінің ережесі түсіндірілді. Ұйымдастырушылар мұның барлығы отандастарымыздың ұлттық құндылықтарымызбен жақын танысуы үшін өте маңызды дейді.

Тастанбек ЕСЕНТАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНІҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

2012 жылғы Лондон Олимпиадасына біздер осы қандастарымыз арқылы, қазақтардың Европадағы құрылтайы арқылы күнтізбеге кіргізіп, Олимпиада спортшыларын қолдауға соларды шақырған болатынбыз. Келесі жылы осы көшпенділер ойынына шақырып, басқа да туристерді шақыруға мүмкіндік бар. Осылар арқылы таныстырсақ, олар ары қарай ойларын жеткізеді деген ойдамыз.

"Отандастар" форумы алғаш рет 2019 жылы өткен. Бірінші басқосуға 100-ге жуық делегат келсе, биыл екі есе көбейген. Қонақтардың арасында бұрын елден көшіп кеткен басқа ұлт өкілдері де бар. Форум аясында отандастарға қатысты мәселелер көтерілмек.

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ, "ОТАНДАСТАР" ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сессиялардың ең басты ерекшелігі біз шетелдегі қандастарымыздың негізгі проблемаларын жақсы білеміз. Сол мәселелердің шешу жолдарын талқылаймыз. Және Қазақстандағы тіл мәселесіне байланысты мәдениет, өнер, тарихқа байланысты, заманауи медиаға байланысты Қазақстандағы тың жобалармен және оны шетелдегі қазақтар қалай қолдануға болады, осы мәселелерде пікір алысамыз.

Биылғы отырыс 4 сессиядан тұрады. Әр кезеңнің өз ерекшелігі бар. Барлығы да бір атаның баласын етене жақын болуға бағытталады.