Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет – Қасым-Жомарт Тоқаев

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2023
  • 774

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысына қатысушыларға құттықтау жолдады. Президент құттықтауын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді.

«Аса мәртебелі дін өкілдері, қадірлі меймандар! Баршаңызды әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Биыл алғашқы съездің шақырылғанына - 20 жыл. Бұл игі бастама өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, аз уақыттың ішінде маңызды өркениетаралық диалог алаңына айналды. Форум дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға, бүкіл адамзатқа ортақ түйткілдердің шешімін табуға және толеранттылықты дәріптеуге септігін тигізіп келеді. Бас қосу аясында әлемнің рухани көшбасшылары жаһан жұртшылығын алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылап, бейбітшілікті сақтау және өзара құрмет пен сыйластықты насихаттау туралы ойларын ортаға салады», - деді Мемлекет басшысы құттықтауында.

Президент қазір геосаяси ахуал ушығып, түрлі сын-қатерлер күшейіп тұрғанына назар аудартты.

«Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Рухани лидерлер осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосады деп сенемін. Хатшылықтың бүгінгі отырысы да осы мақсатқа орай ұйымдастырылып отыр. Қазақстан дінаралық және өркениаралық ынтымақтастыққа негіз болатын бастамаларға әрдайым қолдау көрсетеді. Оны сыртқы саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде ұсынады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.