Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлемдік дінбасылары даналығының арқасында адамзат өркениеттер қақтығысына жол бермеді – Әшімбаев

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2023
  • 727

Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының XXI отырысында айтты.

Әшімбаев әр отырыста Съезд идеялары мен мақсаттарын іске асырудың бағыт-бағдары айқындалатынын атап өтті.

20 жыл ішінде Қазақстан астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің мазмұнды және өкілді жеті съезі өтті. Көптеген елде форум аясында жүздеген көздесу, дөңгелек үстел және басқа да іс-шаралар өткізіліп жатыр, - деп айтты ол.

Түрлі халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы 30-дан астам келісімге қол қойылды.

Біздің бірлескен жұмысымыздың арқасында қол жеткізілген сапалы нәтижелер әлдеқайда маңызды. Біріншіден, бұл Съезд 20 жыл ішінде барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің бірінші басшылары мен жоғары деңгейдегі өкілдерінің басын қосатын бірегей диалог алаңына айналды. Былтыр VII Съезге әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация қатысты, - деді Әшімбаев.

Оның сөзінше, 20 жыл бұрын АҚШ-тағы жантүршігерлік лаңкестік шабуылдардан кейін адамзатқа өркениеттер арасындағы алауыздық қаупі төнді. Осы қатерге жауап ретінде шақырылған рухани көшбасшылар съезі ислам, христиан, иудаизм және басқа да діндердің жоғары өкілдері бір үстел басында кездескен алғашқы орындардың бірі болды.

Рухани көшбасшылардың байыпты әрі бейбіт пікір алмасуы экстремизм мен терроризмнің діннің шынайы мәнімен ешбір жанаспайтынын айқын көрсетті. Бүгінгі таңда әлемдік дінбасылары даналығының арқасында адамзат ХХІ ғасырдың басында өркениеттер қақтығысына жол бермеді деп айтуға болады, - деп түсіндірді Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, елордада Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының XXI отырысы өтіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Хатшылықтың XXI отырысына қатысушыларға арнайы құттықтауын жолдады. Отырысқа 22 елден 28 делегация келді.