Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде 800-ден астам мектепте асхана мүлдем жоқ: тағам сапасына кім жауапты?

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2023
  • 800

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту мәселесі көтерілді. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова 800-ден астам мектепте асхана мүлдем жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«1,5 млн бүлдіршініміз ыстық тамақпен қамтылып жатыр. Оның өзектілігі болашақта да жоғары. Аталған тапсырманың орындалуына қатысты сайлаушылар тарапынан әлі күнге дейін сын көп. Бүгінде 800-ден астам мектепте асхана мүлдем жоқ. Олардың ішінде 303 мектепте буфеттік тамақ ұйымдастырылған. 288-інде бейімделген асханалардан кейтеринг жүйесі арқылы қоғамдық тамақтану орындарынан тағамдар жеткізілуде деп сіздердің хаттарыңыздан жауаптар көрсетілген. Бірінші сұрақ: қоғамдық тамақтану орындарынан жеткізілетін тағамның сапасына кім жауапты, төтенше жағдай болса, кім қадағалайды? Осындай асханасы жоқ мектептерде жапсарлас асхана салу мәселесі алдағы уақытта жоспарланған ба, ол қалай шешіледі?» - деп сұрақ қойды.

Депутаттың айтуынша, мектептегі ыстық тамақтың бағасы да әртүрлі. 400 теңгеден 1500 теңгеге дейін баға айырмашылығы бар.

«Жекеменшік мектептердегі тамақтандыру мәселесі – үшінші мәселе. Біз депутаттық корпус атынан қазіргі таңдағы жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысқа осы тамақтануды енгіздік. Әлі күнге дейін Үкіметтен жауап келген жоқ. Бұған позицияларыңыз қандай?» - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Бұл сауалдарға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жауап берді. Алайда министрдің айтуынша, 800 емес, 591 мектепте асхана жоқ.

«Асханадағы тамақтың сапасын арттыруға қатысты бұған дейін де тиісті бұйрықтар қабылданған. Биыл министрліктің 598-і бұйрығы және Денсаулық министрлігінің 503-бұйрығына тиісті өзгерістер енгізілді. Бүгінгі күні мониторинг тобы құрылып, аймақтарда тексеру жұмыстары жүргізіліп отыр.
Асханасы жоқ мектептерге байланысты, аймақтардың 591 мектебінде асхана жоқ. Оның бәрін ыстық тамақпен қамту үшін буфеттік және кейтеринг асханалар Денсаулық сақтау министрлігінің нормаларына енгізілген. Дей тұрғанмен, бұл мектептерде асханалардың соғылуына байланысты барлық өңірлерге тиісті Жол картасын қабылдау тапсырмасы берілді. Ол бағытта жұмыстар жүргізілуде. Ал тамақтың бағасы бойынша ең жоғары баға – Алматы қаласында, 840 тг. Ақмола облысында – 750 тг. Ең төменгі баға Қарағандыда – 480 тг. Орта есеппен оқушы 570 тг төлейді», - дейді министр.

«Сонымен, 300 асханасы жоқ мектеп қайда кетті?» - деп сұрады Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.

«29 қыркүйекте Оқу ағарту министрлігі 800 мектепте асхана жоқ деп көрсеткен. Жеке меншікті мектептердегі тамақтану мәселесі бойынша жауап алған жоқпыз», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Нақты қанша мектепте асхана жоқ екені сонымен жауапсыз қалды. Ал жекеменшік мектептердегі асхана және тамақтануға қатысты министр былай жауап берді:

«Жеке меншік мектептердегі асхана мәселесі 64-Қаулымен реттеледі. Заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу бағытында бұл мәселе қарастырылған. Тек қана мемлекеттік мектептер қарастырылған. Заң қабылданған жағдайда бұл мәселе өз шешімін табады», - деді Ғани Бейсембаев.