Русский Сайттың толық нұсқасы

"Отбасымызда америкалықтан гөрі қазақ көп": Америкалық әйел қазақтың төрт баласын асырап алған

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2023
  • 834

Вирджиния штатында Кэтрин Левит есімді жалғызбасты әйел Қазақстаннан төрт баланы асырап алған. Бүгінде үш қыз және бір ұл бала америкалық әйелмен бірге тұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Jibek Joly арнасының “Шетелдегі қазақ балалары” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Америкалық әйел бала асырауды көп жылдар бойы арман еткен. Ол өзге балаларды бауырына басуды өзінің өмірлік мисссиясы деп санайды.

“Бала күнімде де анамнан сәби асырап алайықшы деп сұрайтынмын. Анамның алты баласы болғандықтан, "өскенде, өзің асырап аларсың" дейтін. Сол санамда қалып қойды. Кейін дайындалып, құжаттарды реттеп, сол қадамға бардым. Ол кезде Қазақстан шетелдіктерге қазақстандық балаларды асырауға енді рұқсат берген еді. Менің Қазақстан елшілігінде жұмыс істейтін достарым болды. Сол үшін осы елдің балаларын алғым келді”, – дейді ол.

Кэтрин Орал қаласына барып, Жаннаны жолықтырған. Сөзінше, оны 1 жас 10 айында бауырына басқан. Ол Жаннаға тез үйреніскенін, оны қатты жақсы көріп кеткенін айтады. Содан соң Жанна жалғыз қазақ болмасын деп оның отандасын асырап алуға шешім қабылдайды.

Осылайша Алматыдан жеті айлық Анарды асырап алды. Оның америкалық есімі Дэйзи. Анар қазір 21-де. Содан кейін көп ұзамай Алматыдан Қарлығашты алып кетеді. Ол да жеті айлық болған. Қарлығашты жақындары қазір Карли дейді. Қарлығаш 18 жасқа толды.

“Үш қызбен тұрып жатқанда тұрмыс құрдым. Сол кезде күйеуім тағы бір бала асырап алғысы келді. Тағы да Қазақстанға бардық”, – дейді қазақ қыздардың өгей анасы.

Күйеуі екеуі Қарағандыдан сегіз айлық Әлішерді асырап алған. Қазіргі есімі – Макс, 13 жаста.

“Отбасымызда америкалықтан гөрі қазақ көп. Балаларымның бәрі қазақ екендерін біледі, өз ұлтын мақтан тұтады. Біз олардан өткені туралы жасырмаймыз”, – дейді ол.

Әлішерді асырап алғаннан кейін Кэтрин Лэвит жұбайымен ажырасып кетіпті. Себебін айтудан тартынды.

Төрт қазақ баланың анасы мануалды терапевт болып жұмс істейді, өзінің жеке клиникасы бар. Жанна да оның жолын қуып, Флоридада мануалды терапия мамандығында оқып жатыр. Сондай-ақ Вирджинияда биология мамандығын бітіріп, испан тілінің маманы атанған.

Ал екінші қыз Анар Вирджиния политехникалық университетінде орман шаруашылығы факультетінде оқиды. Қарлығаш болса, Джеймос Мэдисон университетінің студенті, ол халықаралық сауда-саттық, көлік саудасына қызығатынын айтты. Қарлығаш испанша жақсы біледі. Айтуынша, қазақ тілін білмесе де, испан тіліне жүйрік.

Үйдің кенжесі Әлішердің спортқа жақын екені байқалады. Ол атақты теннисші болып, Қазақстан құрамасы қатарында еліміздің атынан жарысқа қатысуды армандайтынын айтты.