Русский Сайттың толық нұсқасы

"Біз шетелде тұратын қандастарымызды қолдауға қашан да мән береміз",-Президент

Әлемнің түкпір-түкпірінде 5 миллионнан астам қазақ бар. Олардың бір қатары Астанада бас қосты. 40-тан астам елден 200-ге жуық отандасымыз елге келді. Әр қиырда жүрсе де әр қазақты толғандырған мәселе көп. "Отандастар" форумында сол мәселелерді шешу жолы талқыланды. Жиынға барып, қандастармен тілдескен әріптесім толығырақ тарқатады.

"Қай мемлекетте мекен етсе де, қазақтың бір ғана отаны бар – ол Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын қандастарымызды қолдауға қашан да мән береміз" Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларға үндеу жолдады. Әлемнің әр түкпірінен келген қандастарымыз бен мәртебелі меймандарға алғыс айтып, осы жиында алыстағы ағайынмен байланысты нығайтуға септігін тигізетін салиқалы ой, салмақты пікірлер айтылатынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл-халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу. Қазақта: «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Халқымыз қашанда елдік мәселелерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен талқылаудың маңызы зор. Қандастарымыздың тарихи отанына қоныс аударуына толық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілген. Қандастармен қарым-қатынасты дамытуыға бағытталған осындай жұмыстар жалғаса береді.

Садия Сүрер 40 жыл бұрын Германияға көшіп кеткен. Кельн қаласындағы қазақтардың басын қосып, мәдениет орталығын құрды. Айтуынша, ол жақтағы бауырлар бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Аға буын салт-дәстүрді дәріптеп, өскелең ұрпаққа тілі мен ділін, мәдениеті мен әдебиетін, шыққан тегін ұмытпас үшін барын салып жатқанын айтады. Ұлт болып ұйысу үшін осындай жиындарды жиі өткізу керек дейді ол.

Садия СҮРЕР, КЕЛЬН ҚАЗАҚТАРЫ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Форум кішкене ерекше болып жатыр біздер үшін. Өйткені көптеген мәселелерді айтып болдық. Не кемшілігіміз, не керектігін айттық. Қазір соны ашып, ары қарай дамытуға қандай жоспармен кетеміз дегендей.

Форумға қандастардан бөлек, елде тұрып кеткен өзге ұлт өкілдері мен шетелдегі ірі компанияларда қызмет етіп жүрген жерлестеріміз де қатысты.

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ, "ОТАНДАСТАР" ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы сессия шеңберінде біз отандық осы салада жұмыс істеп жүрген құрылымдар, тұлғалармен шетелдегі қандастарымыздың арасында байланыс, ынтымақтастық орнатамыз деген мақсатты ұстап отырмыз.

Форум 4 кезеңге бөлінген. Әр секцияда елдің өркендеуі жолында жұмыла атқарылатын жұмыстар талқыланды.

Исламбек САЛЖАНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Жастарды тарту керек. Мысалы, бір жас қандасымыз келіп, осында оқып, кәсіп ашып, аяқтан тұрып кетсе ол өзінің отбасын, әулиетін тартады. Ең бастысы алтын көпір салу. Қазақстан мен шетте жүрген ағайындармен.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, қиырда 5 миллионнан астам қандасымыз бар. Тәуелсіздік алғалы 1,2 миллион ағайын атамекенге келіп, азаматтық алды.