"7-20-25" бағдарламасы жемқорлықтың апанына айналды. Тұрғындар ипотека алу үшін пара беруге мәжбүр. Қазір банк менеджерлері үй алғысы келгендерден миллиондап ақша сұрайды. Теңгесін бермесең, бағдарламаға іліге алмауың мүмкін. Көптің бас ауруына айналған баспана мәселесін бүгін депутат Дәулет Мұқаев мәжілісте көтерді.
Дәулет МҰҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бүгін «7-20-25» бағдарламасына лимит ашылды. Ол 5 минутта бітті де қалды. Оқырмандардан «Бұл не деген сұмдық?» деген хаттар келіп жатыр. «Менен банк менеджері 1 млн 400 мың сұрады», «Менен 700 мың теңге сұрады» деп жазылған хаттар келіп жатыр. Бұл қашан тоқтайды?
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев депутаттың сұрағына мардымды жауап бере алмады. Тек қолдағы статистикасын ғана сөйлетті. Биыл бұл бағдарламаға мемлекет 105 млрд теңге болатын 10 мың пәтер берген.
Қанат ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
2024 жылға жоспарымыз бар. Екінші мәселе, президенттің тапсырмасы бойынша өткен жылы жалға алуды жеңілдету үшін субсидиялау бағдарламасы іске асырылды. Тағы басқа бағдарлама бойынша мемлекет қаражат бөліп жатыр. Бірақ сіз өзіңіз білесіз, барлық халықты баспанамен қамтамасыз ету оңай емес. Егер сізде уақыт болса, бірге отырып, барлық бағдарламаны бірге қарайық.