Мемлекет басшысы елімізде цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту керегін айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды. Сондықтан инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы Digital Bridge форумында.
Ол ең алдымен, біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет екенін атап өтті.
Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын. Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар президент жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды екенін айтады.
Шын мәнінде, жасанды интеллектінің «қорегі», қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды, – деді ол.