Русский Сайттың толық нұсқасы

Пара бергені үшін 7 жылға сотталған оралдықтың туыстары сот үкімімен келіспейді

Айран ішкен құтылып, шелек жалаған құтылды. Тексерушілерге пара бергені үшін 7 жылға сотталған зейнеткер Ринат Түксімбаевтың туыстары осылай деп отыр. Сот материалдарынан белгілі болғандай, сотталушы Ринат Түксімбаев жем тиеген жүк көліктерін кедергісіз өткізу үшін полиция мен көліктік бақылау инспекциясының және фитосанитариялық инспекторға бірнеше рет пара берген. Сотта ол мұнысын мойындап, кешірім сұрады. Полицейлер де ақшаны алғанын теріске шығармапты. Бірақ олардың бәрі де жауапкершіліктен айыппұлмен құтылып кеткен.

Асылбек ИМАНҒАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ СОТ СУДЬЯСЫ:

Сот үкімімен Ринат Туксумбаев ҚР ҚК 367-бабы 3-бөлігі 3-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылсын. Бердіғалиевке параның 60 еселенген мөлшерінде 3,6 млн теңге, Тастілеуовке 15 млн теңге көлемінде айыппұл салынсын.

Сот кейін полицейлерге салынған айыппұлды азайтуға пәрмен етті. Олардың бәрі әскери шені мен мемлекеттік қызмет ету құқынан өмір бойына айырылды. Бірақ сотталушының туыстары үкіммен келіспейді. Олардың айтуынша, сотталушының әскери қызметте жүріп, бес адамды ажалдан құтқарғаны, осы ерлігі үшін марапатталғаны ескерілмеген. Сондықтан шиеттей үш баласы мен денсаулығының нашар екенін ескеріп, айыппұлмен шектелсе де жеткілікті болар еді дейді. Енді туыстары қайта шағымданып, аппеляцияға бермек.

Тамара СӘРСЕНОВА, ҚОРҒАУШЫ:

Өзі пара туралы қылмыстық істі қарап отырған судья мантия киіп отырып, пара сұрады деуге менің аузым бармайды. Бірақ мынадай жағдай қалай болып кетті? Кеше мен тергеу изоляторына бардым үкімнен кейін. Ринаттың жағдайы өте нашар. Оның маған қойған сұрағы: сонды мына мемлекетте пара беруге болмайды, бірақ пара алуға болады деген сөз бе дейді.