Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлытау облысында 4 ауылдағы мектептер жабылудың аз алдында тұр

  • AstanaTV
  • 17 қазан 2023
  • 786

Ұлытау облысында білім ошақтары жабылып қалудың алдында тұрған 4 ауыл бар. Басты себеп – халық санының аздығы, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Берік Әбдіғалиұлы аталған мәселені болдырмау үшін аудан әкімдеріне «Оңтүстіктен Солтүстікке ерікті қоныс аудару» бағдарламасын алдымен тұрғындар саны аз елдімекендерде жүзеге асыруды тапсырды.

Аппараттық кеңесте баяндама жасаған жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Нұржан Орынбаевтың айтуынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында өңірге 9 отбасы көшірілген.

«Мектептерінде бала саны азайып бара жатқан ауылдарға көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Бұл ретте тұрғын үй мәселесі алғашқы орында болуы тиіс. Елдімекенде бос тұрған баспана болса, сатып алып, көшіп келген отбасыларға берілсін. Одан кейін гранттар мен кәсіпкерлікті дамытуға қатысты кредиттер және басқа да жобалар алдымен халқы аз ауылдарда жүзеге асырылсын. Қалай болғанда да білім ошақтарының жабылып қалуына жол бермеуіміз қажет»-деді өңір басшысы өз сөзінде.

Белгілі болғандай, облыста «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жастарды жұмыспен қамту Жаңаарқа ауданы мен Сәтбаев қаласында төмен көрсеткіш байқатқан.

Сонымен қатар Ұлттық жобалар аясында азаматтарды жұмысқа орналастыруда Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары жоспарды тиісінше орындамағаны анықталды.

Бұл ретте өңір басшысы қала, аудан әкімдіктері және басқармалардың жұмыс орындарын құру бойынша тиісті деңгейде жұмысты ұйымдастырмау себебін анықтап, ұсыныс беруді тапсырды.