Соңғы 4 жылда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 900-ге жуық адам көз жұмған. 2 мыңнан астам адамның денсаулығына ауыр зиян келген. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты. Оның сөзінше, өңірлерде 68 отбасылық қолдау орталығы жұмыс істейді. Оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз етеді. Бірақ, орталықтардың жұмысы біркелкі емес. Сондықтан келер жылдан бастап, отбасын қолдау орталықтарының барлығына бірыңғай жұмыс тәсілі енгізілмек.
Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
Жыл соңына дейін "Бақытты қазақстандық отбасы" интерактивті нұсқаулық әзірленеді. Некеге тұратын жұптардың отбасылық дәстүрлері мен рухани-адамгершілік құндылықтары туралы ақпараттар "Электрондық үкімет" жүйесінде бейнеролик түрінде көрсетіледі. Некеге тұруға онлайн өтініш берген азаматтар осы нұсқаулықпен міндетті түрде танысып шығуға тиіс.
Алайда жәбірленушілердің барлығы әйелдер емес. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха отбасылық зорлық-зомбылық туралы шағымдардың 10 пайызы ер азаматтардан түсетінін айтты.
Игорь ЛЕПЕХА, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Әрине, біз бұған шетін жағдай сияқты қараймыз. Алайда әйелдерінің үстінен шағымданатын еркектер де бар. Олардың саны көп емес, бірақ түрлі жағдай болады. Мысалы, балаларының үстінен шағымданатын ата-аналар бар, керісінше кейде бала өз ата-анасына шағымданып жатады.