Еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту- межелі міндет. Әлеуеті орасан зор агросекторға қалай серпіліс жасалмақ? Тозығы жеткен техника, өңдеу үлесі төмен өнім. Агроөнеркәсіп инновация көшіне қалай ілеспек? Сан сауалға сала мамандары мен сарапшылар, шаруалар мен кәнігі диқандар салмақты жауап берді.
Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Балкенұлы саланы дамыту үшін әуелі министрлік мамандары ауылға табан тіреп,агросектордың түрлі түйткілдерін түбегейлі түсіну керек дейді. Кабинетте отырып қабылдаған шешімнен еш қайыр жоқ. Саналы ғұмырын ауыл шаруашылық саласына арнаған кәнігі агроном агроғылымға және жаңа технологияға жүгінетін уақыт келгенін айтады. Елімізде сапалы тұқым сұрыптайтын ғылыми орталықтар саусақпен санарлық. Сондықтан шаруалар дәнді-дақыл тұқымын Батыс Еуропа, Ресейден әкелуге мәжбүр.
Сайран БҰҚАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ:
Еңбек өнімділігін 2025 жылға дейін екі есе көтеру керек. Ал ол көтеріле ме?Тыңайтқышсыз, жаңа технологиясыз көтерілмейді.Жалпы орташа Қостанай облысы қай жылы болсын, құрғақшылық болсын 15 центнерден алуға болады.Бірақ оған бірінші техникаға байланысты.Екіншіден тыңайтқышты көп пайдаланбаймыз.Біріншіден қымбат. Оны екі есе арзандату керек.
Президент жолдауында аграрлық өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшу мәселесі айтылды. Тіпті алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу міндеті тұр. Ал экспортты еселеп ұлғайтып, ішкі нарықты да толық қамту үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет екені қақ.
Айгүл ҚАПБАРОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Өнімді өндірушілерден сатып алу келісімшартын ілгерлетуіміз керек. Яғни, ол офтейкерлер, яғни, сатып алушылар, өнімді өндірушілер бірнеше жылға, маусымға өнім өндірушілермен келісімшартқа тұрады да, сол келісімшартта оның жауапкершілігі көрсетіледі. Белгілі бір тауар нүктелеріне келіп өзінің өндірген тауарын сату үшін біздің отандық өндірушілер оларға мемлекет тарапынан қандай да бір көмек көрсетілуі керек.
Серік СӘРСЕКЕНОВ, САРАПШЫ:
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында айтқан шаруалар да өзекті мәселе. Соның бірі - ғылыми-өндірістік дамыту бағытында. Мал шаруашылығын асылдандыру бағытында, бонитировка бағытында мамандарды әлеуметтік бағдарламаға байланыстырып, оқытқымыз келді. Менің байқағаным әрбір өңірде, әрбір облыста белсенді азаматтар көп екен.
Азат Міштәри -астықты өлкеде алғаш ауылшаруашылық өнімдері кооперативін құрып, ауыл тұрғындарын бір ұйымға тоғыстырған шаруа. Жылына 700 тоннаға жуық сүт өткізеді. Алты жыл бұрын 60 сауын сиыры болған кооперативте бүгінде екі жүзден астам ірі қара бар. Бірақ, жайылым жердің жоқтығынан малды көбейтіп, сүт өнімділігін арттыра алмай отыр.
Азат МІШТӘРИ, «БОЛАШАҚ-2017» АШӨК ТӨРАҒАСЫ:
Жастар мал өсіріп, ұстағысы келеді. Бірақ жер жоқ. Сондықтан үкімет енді осы жағын қолға алса.Шабындық жер әсіресе, жайылым жерлерді жөнге келтірсе.Онда ауыл өркендей береді деп ойлаймын.
Агроөнеркәсіп өкілдері әуелі жайылым мен шабындық жер мәселесін шұғыл шешу керек дейді. Содан кейін техника паркін жаңғыру,лизинг тетіктерін қайта қарастыру, жергілікті шаруалардың өнімін өздері өңдеуге жол ашу қажет. Дер кезінде берілмейтін субсидия түйткілі тағы бар. Осының бәрі ауыл шаруашылығы саласын ақсатып тұр.