Ағайынды Жүгінісовтердің анасы, қоғам қайраткері, продюсер Айнұр Жүгінісова журналист, пиаршы Назым Жанғазыға берген сұхбатында қыз өз үйінен кеткен соң төркініне сыйлы болу үшін ата-анасының үйіне жиі барғыштай бермеу керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Ата-ана қызын ұзатып, қыз кеткен соң Алладан “Бала-шағам аман болсын, өссін, өнсін. Барған жеріне тастай батып, судай сіңсін” деп тілеуін тілеу керек. Қазақта төркіндеу деген бар. Біздің отбасымыз дәстүрдің бәрін сақтайды. Менің келіндерім келін боп түскен соң бала көтеріп, немерем бір жасқа тола бастағанда ғана төркініне жіберемін. Немеремді нағашыларымен таныстыруға жіберемін. Оған дейін олар ешқайда бармайды. Нағашылары жиенін жөн-жоралғыларын жасап күтіп алады. Қазақ жиен келгенде сұрағанын берген. Қыз да сүйкімді, қадірлі”, – дейді Айнұр Жүгінісова.
Ол қызын ажырастырып алатын ата-аналарға кейіді.
“Қазір қызды бір абаласымен айырып алады. Сөйтіп “сен бүйттің, сөйттің” деп өз қызы көзіне күйік болып отырады. “Ішіме сыйған қыз, сыртыма да сыяды” деген мақал бар ғой. Бала сыртыңа сыймайды. Бірге тумақ бар, бірге жүрмек жоқ. Ана дүниеге барсаң да жалғыз кетесің. Бір емес, бірнеше қызын жанына жинап алған ата-аналарды білеміз. Ана осылай баласының бақытын жауып отыр. Кейбіреулер қыз бала тұрмысқа шықса ата-ананы асырау керек деп ойлайды. Мысалы, қыздар бай-қуатты жерге тұрмысқа шығады. Бірнеше жылдан кейін бір әулетті банкротқа ұшыратады. “Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық” дейді. Демек, ырыс еркекке беріледі. Ал әйел сол ырысты ұрлып-жырлап төркініне тасиды. Төркінге беру арқылы, әулетке беріліп тұрғаны ырысты шайып жібереді. Күйеу бейшараның жолы жабылған, әйелге мөлейіп қараған күшікке айналады. Содан әйелге де, оның әке-шешесіне де керек болмай қалады. Сөйтіп қызына “қайт, айналайын” дейді”, – деп қорытынды жасады продюсер.