Русский Сайттың толық нұсқасы

Соттарға деген сенімді арттыру қажет - Нұрсұлтан Назарбаев

  • AstanaTV
  • 21 қараша 2016
  • 3427

"Мәселесін шешемін деген халық ары-бері жүгірмесін. Адамдарды доп құсатып қуа беруді доғарып, сотқа деген сенімді арттыру қажет". Қазақстан судьяларының жетінші съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сөздері бұл. Сот істерінің саны жыл сайын артып барады. Судьялардың жүктемесін азайту үшін халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру керек,-деді Президент. Істерді сотқа жеткізбей шешудің тиімділігін түсіндіру де аса маңызды. Съезде судьялардың жаңа әдеп кодексі қабылданды. Құжат халықтың сотқа деген сенімін арттырады деген үміт бар.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Беделімен басып, сотқа тізесін батырғысы келгендердің атын атап, түрін түстеп, елге жариялау керек. Оларды халық танысын. Ел судьяларының 7 съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Сонымен қатар сот жүйесінің олқылығын тізіп, халықтың сотқа деген сенімі төмен екенін айтты. Мәселесін шешкісі келген адамдарды билік дәлізінде доп құсатып анда-мында қуалай бермеңдер, дегенді қадап тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан халқының қарым-қатынасы қандай сотқа деген, көңілі қандай? Көңілі көншіді ме? Барлық мәселелермен сотқа бара ма, әлде әлі күнге дейін Президентке хат жазады ма? Мәселе сонда. Біз реформа жасаймыз, өйттік-бүйттік, электронды деп отырмыз. Ең бірінші мәселе - халық сотқа сенуі керек, халық сотқа баруы керек. Баяғыдан келе жатқан, бірдеңе болса, райкомға бару, обкомға бару, бастықтарға жазу әлі күнге дейін тоқталған жоқ. Осы мәселеге көңіл бөлу қажет.

Президенттің айтуынша, 2014 жылмен салыстырғанда соттарды қаржыландыру 3 млрд теңгеге өсіп, биыл  30 млрд теңгені құрады. Сот корпусының тұрғын үй қоры соңғы 3 жылда 20%-ға жаңартылды. Жағдай жасалып жатқанмен  жүйеде олқылық азаяр емес. Биылдың өзінде 32 судья тәртіптік жазаға тартылып, 2 судья қызметінен босатылған. Елбасы қарапайым халықтың төменгі сатыдағы соттарға жиі шағымданып, әділдік іздеп, Жоғарғы сот пен прокуратураға жүгінетінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тек үстіміздегі жылдың өзінде прокуратураның наразылығымен Жоғарғы сот азаматтық іс бойынша төменгі соттар шығарған 63 үкімді қайта қарады. Демек, тиісті құқық берілген төменгі соттар өздеріне жүктелген міндетті атқара алмай отыр. Бұл - ең маңыздысы. Яғни басталған реформалар аяғына дейін жетпей жатыр деген сөз.

Өткен жылы Президент әкімшілігіне құқықтық тәртіптің заңдылығына қатысты азаматтардан 10 мыңдай шағым түскен. Биылғы он айда жеті мың арыз келген. Ал азулылар сотқа тісін батыруды әлі де қояр емес.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жеке лоббистік топтардың мүддесі үшін сотқа қысым көрсетіп, қоғамдық пікірге ықпал ету фактілерінің жолын кесу керек. Егер олай жасауға ұмтылғандар болса, ал ондайлар бар, мен білемін, кім екенін жариялау керек, ондай тәжірибеге тосқауыл қажет. Кімде кім өзінің мүмкіндігі, байланысы, ақшасының арқасында сотқа араласса, оны барлық Қазақстанға көрсету керек. Міне, мына адам сотқа әсер еткісі келеді деп. Әйтпесе олардың әдетін қойдыра алмаймыз.

Қазақстанда үш жарым мыңға жуық судья бар. Жас буын өкілдері жалақы көбейсе деген тілек айтты.

Әлия Меңлібаева, Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының судьясы:

Ең бірінші кезекте жалақының көтерілгені маңызды. Өйткені соттың жұмысы өте қиын. Судья ерте келеді, кеш қайтады. Азаматтардың шағымы көп. Менің ойымша, еңбекақықы көтерілу керек.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Республика судьяларының VІІ съезiнің қорытындысы бойынша судьялық әдеп кодексінің жаңа жобасы қабылданды. Құжатта судьяның тәуелсіздігіне, объективтілігіне, адалдығы мен сатылмайтындығына ерекше мән берілген. Енді осы әдеп кодексінің арқасында халықтың сотқа деген сенімі артып кете ме... ол жағы уақыт еншісінде.

Айгүл ӘДЕПБАЙ