Қазақстанда жеке клиникаларға талап күшейтілмек. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният еліміздегі емханалардағы ұзын-сонар кезекті болдырмаудың жолдарын айтты. Оның айтуынша мемлекеттік тапсырыс алған кейбір жекеменшік емханалар өздерінің қызметінің басым бөлігін аутсорсинге берген. Сонымен қатар, цифрландыру дамып келе жатқанымен, барлық жүйені бір жолда топтастыру мүмкін болмай тұр. Бұл да науқасты қабылдарда уақыт алады. Оның үстіне барлық аймақ бірдей интернетпен қамтамасыз етілмеген. Ауруханаларға түсіп жатқан жүктемелердің көптігі де кезектің ұлғаюына алып келуде дейді министр. Сондықтан жекеменшік ауруханаларға талап күшейетінін жеткізді.
Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Кейбір емханалар жұмысына адал қарап, қордың алдындағы келісімшарт міндеттемелерін орындайды. Алайда кейбір клиникалар өздерінің 80 пайызға жуық қызметін аутсорсингке беріп, азаматтарға бүкіл қаланы айналып жүруге тура келеді. Енді біз талапты қатаңдатпақпыз. Медициналық қызметтің көрсетілу сапасын талап ететін уақыт келді.