Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы ауа райының қолайсыздығынан 71 адам зардап шекті

  • AstanaTV
  • 21 қараша 2016
  • 3407

Базар шатыры құлап, қалың қар астында қалған алматылық екі азаматтың денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ.  Дер кезінде ем-дом көрсетіліп, үйлеріне жіберілді. Бұл туралы Алматы қаласының бас хирургы Нұржан Исабеков  мәлімдеді.

Оқыс оқиға кеше түскі сағат 12-лер шамасында орын алған еді. Шахардағы «Байсат» базарының ыдыс-аяқ сататын қатарындағы шатыр қалың қарды көтере алмай опырылып түскен. Салдарынан 18 бен 54 жастағы екі азамат  жарақат алды.

Нұржан Исабеков, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургы:

Апат болған жерден екі науқасқа көмек көрсетілді. Бір науқас жәрдем көрсетілгеннен кейін ауруханаға жатудан бас тартты. Бір науқас 4-ші ауруханаға жеткізілді. Ол науқасты көргеннен кейін қол сүйегі жарақаты байқалғаннан кейін, зерттеп амбулаторлық ем тағайындалып, үйіне жіберілді.

Бас хирургтың сөзінше, мегаполистегі ауа-райының қолайсыздығынан соңғы үш күнде 71 адам дене жарақатын алған. Қаладағы бес травматология бөлімі аяғы тайып, түрлі дене жарақаттарын алған жандарға ем көрсетуде. Айта кетейік, соңғы 3 тәулікте Алматыда жауған қардың қалыңдығы 60 сантиметрге жеткен. Қарды тазалау жұмыстарына 4500-дей адам жұмылдырылды.